Шаһардағы кәріз жүйелерінің сапасын арттыру бойынша да тиісті жұмыстар орындалуда. Мысалы, Төлеметов көшесіндегі кәріз жүйесі бойынша мәселе шешілді. Ақжайық шағынауданында кәріз сору станциясы болатын. Одан шығатын жағымсыз иіске жергілікті тұрғындар шағымданған. Оған қоса, станция жылына 3,5 млн теңге электр энергиясын тұтынып келген. Осы мәселені шешу бойынша сорғы алынып тасталып, электр энергиясына жұмсалатын қаржы үнемделген. Әрі жағымсыз иіс те жоғалды. Ал, қалдық су өздігінен ағатын жүйеге жалғанып, Сырым батыр көшесіндегі диаметрі 500 мм кәріз коллекторына барып қосылған. Мұның барлығы инвестициялық бағдарлама қаржысының игілігі.
– Заң талабына сәйкес, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан базалық ірі субъектілерге 5 жылға немесе одан ұзақ мерзімге инвестициялық бағдарламалар, тарифтер бекітіледі. Су құбыры және кәріз жүйелері басқармасына 2021-2026 жылдарға барлығы 750 млн теңгеге инвестициялық бағдарлама бекітілді. Ең бастысы – бағдарламаның сапалы әрі тиісті орындалуы. Биылға 7 шақырым су және кәріз жүйесі жаңартылды. Қосымша сорғы, су реттегіш сияқты жабдықтар сатып алынған, жаңартылған. Барлық жұмыс кесте бойынша орындалуда. Қосымша айтарымыз, жыл соңына дейін су және кәріз жүйесін пайдалануға бекітілген тариф өзгеретін себеп жоқ. 2023 дылдың 1 шілдесінен жаңа тариф күшіне енеді, – дейді Департамент басшысының орынбасары Айсұлу Әлібекова.
Жалпы, Су құбыры және кәріз жүйелері басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған ивестициялық бағдарламасына 750 млн 248 мың теңге бекітілген. Соның аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде нормативтік-техникалық шығын 0,18 пайызға, ал құбырлардың тозу деңгейі 0,5 пайызға төмендеген.
Жоғарыда атап өтілген, биыл игерілген 113 млн теңгенің ішінде 103 млн теңгеге жуығы су желілерін қайта құруға, 3,8 млн теңгесі кәріз желілерін қайта құруға жұмсалса, 340 мың теңгесіне негізгі құралдар сатып алынған.
Қаладағы коммуналды қызмет сапасын жақсарту бағытындағы жұмыс тоқтамақ емес. Себебі, басқарма өкілдерінің мәліметтінше, жыл сайын қаладағы су және кәріз желісінің қызметін пайдаланушы абонент саны артып келеді.