Шымкент тұрғындарын коммуналды қажеттіліктермен қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар орындалуда. Оның ішінде абоненттерге таза ауызсу жеткізу жұмыстары қарқын алған. Соның бірі – Құрсай шағынауданы. Елдімекеннің іргесінен таза су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Нысан пайдалануға берілсе, тұрғындарға тіршілік нәрін жеткізетін құбыр дайын тұр. Шымкент қаласы әкімдігінің су құбыры және кәріз жүйелері басқармасының мамандары осылай деп мәлімдеді.
– Қалалық әкімдіктің 2023 жылға жоспарланып, аяқталып жатқан нысанының бірі – Құрсайдағы су қоймасы. Басқарманың инвестициялық бағдарламасы бойынша осы нысанға жалғанатын құбырды толық пайдалануға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Құрсайдағы жекеменшік су құбырларының сапасы нашарлап, тозу деңгейі жоғарылап кеткен. Мысалы, Жандарбеков көшесіндегі диаметрі 315 мм-лік құбырдың тозығы жеткен 450 метрі ауыстырылып бітті. Тұрғындар игілігіне беруге дайын тұр. Құрсайда су проблемасы бар еді, халық пен билік өкілдерінің кездесуінде жиі көтерілетін. Осыған орай, қала әкімінің тапсырмасымен тиісті жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, бүгінде осы су қоймасы құрылысының 95 пайызы аяқталған. Енді Жандарбеков пен Байзақов көшелеріндегі құбыр қосылуға дайын тұр. Қазығұрт ауданы бойынша осындай жұмыстарға 16,5 млн теңге жұмсалды, – дейді Су құбыры және кәріз жүйелері басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Омаров.
Бұл – басқарманың инвестициялық бағдарламасында қаралған қаржының бір бөлігі. Басқарма жетекшілері ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдерінің алдында инвестициялық бағдарлама қаржысының жұмсалуы бойынша есеп берді. Жауапты мамандар биылғы тиісті қаржы артығымен игерілгенін мәлімдеді.
– Шымкент қаласы бойынша инвестициялық бағдарламаның 2022 жылға бекітілген қаржысының көлемі 110 млн теңге болса, ол 103 пайызға орындалып, 113 млн игерілді. Департамент бекіткен жұмыс біздің тарапымыздан толық аяқталды. Оған қоса, басқа шағынаудандарда да инженерлік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары атқарылып жатыр. Мысалы, Достық шағынауданы. Онда халықтың тығыз орналасуына байланысты, әсіресе, жаз айларында тұрғындар тарапынан құбырдағы судың қысымы төмендеп кетуіне байланысты арыз-шағым түсіп жататын. Біздің басқарма тарапынан инвестициялық бағдарлама бойынша 60 млн теңгенің жұмысы атқарылып, тозығы жеткен құбырлар жаңасына ауыстырылды. Жалпы ұзындығы 5,2 км құбыр жаңартылып, толық пайдалануға берілді. Келесі жылы Достықта жазда, күн ыстық кезде судың қысымы төмен деген шағым болмайды деп үміттенеміз, – дейді басқарма басшысының орынбасары Бағлан Омаров.
Жауапты мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда Шымкент қаласы тұрғындарының 97 пайызы таза сумен қамтамасыз етілген. 2023-2024 жылдары бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды деген жоспар бар.