Ағымдағы жылдың қаңтар айында мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артпақ. Жағымды жаңалықты білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді. Оның айтуынша бүгінде шаһарымызда 31 мыңға жуық маман жұмыс істеуде.Сондай-ақ баспасөз бирифингінде жас мамандарға бос жұмыс орындарының ашылғанын айтып, конкурсқа қатысуға шақырды. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда мұғалімнің еңбегі зор. Барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы және ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы – ұстаз. Әлемдік деңгейде – педагог, өз ұстанымызда ұстаз ұғымының сипаты, мән-мағынасы қашанда айқын: ол – мазмұны бірыңғай ізгіліктен ғана тұратын кәсіп, ол – ұрпақ пен ұлтқа, адамзат пен болашаққа арналған өмір сүру салты. Тіпті дүниенің асылын іздеп тауып, соны өзгеге үйретпекке ұмтылған жан қалауы.
Соңғы жылдарда елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік-әлеуметтік бағдарламалардың мәні мен мақсатына қарасаңыз, көбіне бюджет қызметкерлерлеріне, соның ішінде білім және денсаулық сақтау саласы мамандарына бағышталғанын аңғарар едік. Сондай-ақ өздеріңіз көріп-біліп отырғандарыңыздай, кейінгі кезде білімге, мұғалімге қоғам көзқарасы өзгере бастады. Әрине, жақсы жағынан. БАҚ-та да, былайғы өмірде де ұстазға көрсетіліп жатқан құрметті ескермеу мүмкін емес. Бұл – жақсылықтың нышаны. Бұл – қалыптасқан дәстүрді сыйлау мен қастерлеудің жолы.
Мемлекет тарапынан ұстаздарға жасалып жатқан қолдаулардың көлемі жыл сайын артуда. Ендігі кезекте мұғалімдер алдында үлкен міндет тұр. Олар жаңа білім беру бағдарламасын игеру, заманауи озық тәжірибиелерді қолдана отырып,білім сапасын арттыру, креативті ойлау көзқарасындағы қазақстандық азаматты қалыптастыру болып табылады.
Бүгінде мегаполисімізде оқушылар сарайының құрылысы қарқын алған. Сыйымдылығы 12 мың баланы құрайтын оқушылар сарайы келесі жылы ел игілігіне берілмек. Тағы бір көңіл қуантарлықтай жаңалық тап сондай оқушылар сарайы президент тапсырмасымен бой көтермек.Сонымен екеуін қоса алғанда жалпы саны 24 мың шымкеттік жас жеткіншек бос уақыттарын келер жылы оқушылар сарайында өткізетін болады.