Шымкент қалалық орыс драма театрында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаевтың режиссерлік етуімен, драматург Кенжебай Ахметов пен «Құрмет» орденінің иегері Уәлибек Әбдірайымовтың «Шымкентім көрікті мекенім» атты музыкалық танымдық комедиясының премьерасы өтті.
Қойылымда кең байтақ өлкеміздің батыс өңірінде дүниеге келіп, сол топырақтың құнарын бойына сіңіріп өскен өнерлі өреннің Шымкент жеріне білім жетілдіруге келгенде кездескен түрлі хикаялары комедия жанрында баяндалды. Бұл уақиға театр сүйер қауымды бей-жай қалдырмады. Туындының ерекшелігі оның жанрында. Себебі қойылым барысында әртістер ән айтып, кәсіби би билейді. Ол үшін арнайы хореограф мамандары да шақыртылып еді. Нәтижесі жлғары деңгейде дейді көрермендер.
Айта өтсек, бүгінгі таңда театр репертуарында отандық туындылармен қатар, орыс, өзбек, қырғыз, ағылшын авторларының 50-ге жуық комедиялық қойылымдары бар
Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры еліміздегі жас өнер ордаларының бірі. Ол 2008 жылы 4 сәуірде құрылды. Театр ең алғаш С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» пьесасының желісімен жазылған Уәлибек Әбдірайымовтың «Ауылым – әнім» музыкалық қойылымымен шымылдығын түрді. 2011 жылдың қараша айында театрға бұрынғы «Шымкент» кинотеатрының ғимараты берілді.
Театр түрлі фестивальдерге қатысып, жоғары жүлделі орындарды иеленіп келеді.
2012-2013 жылдары Шымкенттегі «Әлем әзілі»атты халықаралық І, ІІ-ші фестивалінде театр үздік нәтиже көрсетті. Бұл байқауда Ресей, Қытай, Жапония, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан сынды елдердің белді сатириктері бас қосты.
«Театр көктемі — 2011», «Театр көктемі — 2013», «Театр көктемі — 2014» фестивальдерінде де Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры түрлі марапаттарды иеленді.
Ал қаймана қазақ түгілі кез келген ұлттың ұл-қызын құшағына сыйдыра білген шырайлы Шымшаһардың қасиетін қойылым арқылы сезінген көрермен өз ризашылығын білдіріп, қуана тарқасты. Айта кетсек, алдағы уақытта жаңа жанрдағы қойылым түрлі байқауларда жеңіс тұғырынан көрінуі бек мүмкін.