Жастардың терең білімді болуы – ел дамуының негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған негізгі тақырыптың бірі де осы болатын. Осыған орай, Аманат партиясының өкілдері Тәшенов университетінің студенттерімен кездесіп, жолдауда айтылған міндеттерді ашық әңгіме форматында талқылады.
Кездесуде президент Жолдауы жастарға еркін форматта түсіндірілді. Бүгінгі жастар – болашақ Қазақстанның бейнесі екенін айтқан партия өкілі ойы ашық, көзқарасы айқын, іске епті азамат дамыған қоғамды құрайтын бірден-бір күш, дейді.
Кездесу барысында аманаттықтар студенттерге мемлекет тарапынан қолдау тапқан жастар жобалары туралы да кеңінен сөз қозғады. Кәсіп ашудың қыр-сырына үңілуді бүгіннен бастауға кеңес берген олар, жастардың негізгі мәселесін шешу жұмысымен таныстырды.
Иә, «Жастар жылы» жастар саясаты төңірегінде жүйелі шараларды әзірлеп, қарқынды жұмыс атқаруға серпін берді. Сонымен бірге жастарды жұмыспен, үймен қамтамасыз ету жұмыстарымен бірге, жас отбасыларға қолдау көрсету, сапалы білім мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында да жастарды қолдау мәселесіне тоқталып өтті. «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі.
Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді»-деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет те, қоғам да белсенді жастарға көптеген мүмкіндіктер беріп жатқаны анық. Сондай-ақ сүйікті ісін кәсіпке айналдырамын деген жандарға да мемлекет біршама мүмкіндіктер қарастырған.
Президентіміз жолдауында ел дамуы үшін мәні зор саяси реформалар жариялады. Барлығымыз «Жаңа Қазақстанның» бүгіні мен ертеңін айқындайтын тарихи жолдаудың куәсі болдық. Онда билік тармақтарының өкілеттігінен бастап, азаматтардың құқығын қорғауға дейінгі барлық мәселе қамтылған. Жастар «Жаңа Қазақстанның» келешек келбетін қалыптастыруда.
Студенттер Жолдауды қолдауға арналған шарадан өздеріне қажетті ақпаратты алғанын айтады. Әрмен қрай, айтылған бес бағытты дамытуда белсенділік танытатындарын да жеткізді.
Жиын соңында жастар өз ұсыныстарын білдірді. Жолдау жүктеген міндеттерді орындауда орта буынның қосар үлесі маңызды. Бұл ретте, білім мен тәрбиені қатар алған болашақ мамандар Қазақстан дамуының драйвері бола алатыны анық.