Шымкентте «Төлем» электрондық картасын қолданушылар саны 500 мыңнан асты. Оның ішінде 230 мыңға жуығы мектеп оқушыларының және студенттердің картасы. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ресми мәліметке сүйенсек, меагполистегі күнделікті транзакциялар саны 300 мыңнан асады, оның 85% -ы көлік карталарымен төлем жасайды.
Ал қалада өтінімдерді қабылдау және көлік карталарын беру бойынша 2 офис жұмыс істейді. Одан бөлек, халықты онлайн режимде қоғамдық көлік қозғалысы туралы хабардар етіп отыратын «I-Kolik» мобильді қосымшасы іске қосылған.
Қазіргі таңда, мобильдік қосымшаны пайдаланушылар саны 170 мыңнан асты. Жергілікті тұрғындар да бұл қосымша жолаушыларға тиімді екенін айтады. Өйткені, бұл арқылы үйден шықпай-ақ автобусыңыздың қайда келе жатқанын көруге болады. Және қаладағы барлық қоғамдық көліктің толық сызбасы көрсетіледі. Ол үшін тек «I-Kolik» қосымшасын ұялы телефоныңызға жүктесеңіз болғаны.
Айта кетейік, үшінші мегаполис автобустарына «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесі 2021 жылы енгізілген еді. Осыған орай, қоғамдық көліктерге 1900 тұрақты терминал және 1200 мобильді терминал орнатылды. Бұл жүйенің артықшылығы – төлемдердің ашықтығы мен тасымалдаушылардың нақты кірісін көрсетуіне көмек береді. Және қалалық бюджетке салық түсімдерін арттырады.
Халыққа қолайлы жағдай жасау туралы Мемлекет басшысының берген тапсырмасы бойынша атқарылған тірліктердің бір парасы осындай.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік маңызы бар тасымалдарды ұтымды субсидиялауына мүмкіндік беріп, көлік жүйесінің бюджетін қалыптастыруға таптырмас құрал болып табылады. Қазіргі таңда, сатылған көлік карталар саны 230 мыңнан асады, қосымша сатылымда 70 мың карта бар.