Шымкенттегі Сәуле шағынауданы, 276-орам тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары аяқталды.
Мұнда 918 электр бағанасы орнатылып, 72 шақырым электр желісі тартылды. Нәтижесінде 1300-ден астам абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік туды. Бүгінде құрылыс толығымен аяқталып, жекеменшік желіден электр қуатын тұтынып келген тұрғындар мәселесі шешімін тапты. Енді олар 1 кВт электр энергиясы үшін бұрынғыдай 28 тг емес, 16-17 тг төлейтін болады.
Осындай ізгі іске ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары: Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев пен Мұратәлі Қалмұратов, сондай-ақ қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері куә болды. Ал, халық жүрекжарды лебіздерін жолдап, алғыс айтты.
Жалпы 276-орамды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы 276 орамды электр жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында демеушілер тарапынан 25 бағана, 2 шақырым сым және қуаттылығы 160 кВт көтеретін трансформатор орнатылып, 150-ге жуық жеке тұрғын үйлер электр қуатымен қамтамасыз етілген еді.
Ауыз сумен қамту үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеңімпаз мердігер мекеме «Агат» ЖШС-мен 532,5 млн. теңгеге келісімшарт түзілген. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың маусым айында басталып, қараша айында су құбырларын тарту аяқталған. Ал биыл табиғи газ жеткізуде 28 шақырымдық құбыр орнатылып, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, топырақ жолдардың санын азайту мақсатында 2020 жылы 4,9 шақырым жолға (4 көше) шағал тас төселді. Аталған көшелерге 2022 жылы асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Тілге тиек етейік, Сәуле шағынауданы 276 орамға жеке тұрғын үй салу үшін 600 жер телімі берілген. Бүгінгі таңда 350 тұрғын үй құрылысы жүргізілген. Халық саны – 526 адам.