Елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолайлы жағдай жасалған. Осы ретте талай жанның арманын ақиқатқа айналдырған «Бастау Бизнес» жобасының орны ерекше. Аталған жоба соңғы жылдары халықтың бизнеске деген қызығушылығын оятып, талай жанның кәсібін өрге өрлетті.
Шымкенттік Сәуле Құдайбергенова мемлекеттік гранттың арқасында өзінің шағын кәсібін бастаған. Қазіргі таңда кәсіпкер аяғы ауыр аналарға арналған жастық шығарып жатыр. Бұл – сұраныстағы зат. Тігіннен хабары бар кейіпкеріміз жүкті аналардың денсаулығына аса қажетті жастықты аз уақыттың ішінде-ақ кәсібіне айналдыра білді. Бір айта кетерлігі, Сәуле Құдайбергенова өзінің мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан еңбектің көзін тапқан жан.
– «Рахат» кондитерлік фабрикасында еңбек еттім. Соңғы алты жылдан бері денсаулығыма байланысты жұмыссыз болдым. Қарап отыруға болмайды. «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген аталы сөзіміз бар. Осы істі тәуекелмен бастап, уақыт өте келе жемісін көре бастадым. Мемлекеттің көмегін алдым. Енді ары қарай кәсібімді дамытып, қажетті құрал-жабдықтар алсам деймін. Пайдасы жақсы болып жатса, қосымша жұмысқа адамдар қабылдау да жоспарымда бар, — дейді С. Құдайбергенова.
Тігіншіліктің бұл түріне ептілік, икемділік, ыждаһаттылық пен сабырлық керек-ақ. «Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» демекші мүмкіншілігі шектеулі болғанына қарамастан, жантақтан ине, жаңқадан түйме жасай білген шебер Сәуленің еңбекқорлығы талайға үлгі болары сөзсіз.
Айта кетейік, Шымкентте 2021 жылы 700-ден астам азамат грантқа қол жеткізсе, оның ішінде 200-і жастар санатындағылар (29 жасқа дейінгі). Ал, 2022 жылы 1000-нан астам азаматқа бірнеше лек бойынша грант тағайындау көзделіп отыр. Бұл жобаның тиімді тұстарының бірі – мұндағы бір айлық оқуға қатысқандарға шәкіртақы да қарастырылған.
Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грант қаражаттары Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы ұсынылады. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қайтарымсыз қаржыға «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен және бұдан бұрын грант алмаған жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылар үміткер бола алады.