Шымкент қаласында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламаның арқасында 13,3 млрд. теңге қарастырылып, бүгінде 4,1 млрд. теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілген.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.
–«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд. теңге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы аясында 944 млн.теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн. теңгеге 19 жоба қаржыландырылды, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent–Atameken» микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн. теңгеге дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Жыл басынан бері 865,6 млн. теңгеге 86 жобаға қолдау көрсетілген.
М.Әйтенов «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығы жұмыс істеп жатқанына да тоқталып өтті. Онда 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілген. Жаңа жобалар арқылы жаңа жұмыс орындары құрылады. Ең бірінші өзіміздің қала тұрғындарын жұмыспен қамту керекпіз. Ол халықтың әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Сонымен бірге, экспорт көрсеткішін арттыру қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін халық арасында түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілсін. Оларға қандай қолдау көрсетіліп жатқанын таныстырып, бағыт-бағдар беру керек. Бұл тұрғыда «Шымкент» ӘҚК –мен бірлесе отыра «Бизнеске арналған үкімет» фронт офистың жұмысын жанданатынын жеткізді шаһар басшысы.