Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалада екі индустриалық аймақтың құрылысы жүріп жатқанын хабарлады. Оның біріншісі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Жалпы алаңы – 306 гектар. Бұл аумақта 5 мың жұмыс орны құрылып, машинақұрастыру, фармацевтика, металлургия, жиһаз құрастыру, құрылыс өнеркәсібі қолға алынады. 200 млрд теңгені құрайтын сомаға 50 ірі инвестициялық жоба іске асырылады.
-Екіншісі Қазақстандағы алғашқы жекеменшік «Стандарт» индустриалды аймағы. Оның аумағы 118,9 гектар. Онда 176 мың шаршы метрге дайын өндіріс алаңдарын құру және 64 мың шаршы метрге қойма алаңдарын салу көзделуде. Екі аймақ та Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын ұлғайту жөнінде берген тапсырмасына сәйкес салынып жатыр, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен бірге, аумағы 133 гектарды құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағының құрылысы жүріп жатыр. Бұл аймақта ауыл шаруашылығы өнімдері терең өңделеді. 1500 адамды жұмыспен қамтитын 21 жобаны жүзеге асыруға 23 млрд теңге инвестиция тартылады.
Жалпы ауыл шаруашылығы саласында биыл 11 млрд теңгеге 369 жұмыс орнымен 14 жоба іске асырылатын болады. Шымкенттен экспортқа шығатын сапалы тауарлар баршылық. Қаладағы индустриалды аймақтарда орналасқан бірнеше кәсіпорынды мысалға атауға болады. Мәселен, «Asia Trafo» ЖШС Alageum electric белгісімен жоғары кернеулі трансформатор жасайды. «Hill Corporation» кәсіпорны мотор майларын шығарады. «Mega Smart» ЖШС шығаруда Mega Art брендімен МДФ тақталарын өндіреді. «Болашақ-7» ЖШС-нің энергетикалық сусындары Bizon атауымен жұртқа танымал. Сондай-ақ Kaz Generators белгісіндегі дизельді генераторлар Шымкенттің экспортты өнімі саналады. Брендті тауарлар тізімін осылайша жалғастыра беруге болады