Әлеуметтік саладағы басты мақсаттардың бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санын азайту екенін айтқан Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов халықты жұмыспен қамту шараларына 57 мыңнан астам адамды қатыстыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Осы жылы 5 айда 22 мыңнан астам адам қамтылды. Жобаны қаржыландыру үшін бюджеттен 7,2 млрд.теңге қарастырылған.
«Тең қоғам» орталығында 1900 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау үшін бюджеттен – 4,5 млрд. теңге қаржы қарастырылды (2021 ж. 3,7 млрд.т).
«Бақытты жанұя» орталығында 7062 көпбалалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Ал өткен жылы Шымкентте 35 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан. Атап айтқанда, 2155 азамат «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқу курстарынан өтсе, 59 адам шағын несие алған. 786 адамға мемлекеттік грант берілген. 29 532 адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолданған. Сонымен қатар, жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде 12 жоба іске асырылып, 407 жұмыс орны құрылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылдың ІІІ тоқсандағы жағдаймен жұмыссыздық деңгейі — 5%, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7% құрады. Сондай-ақ өткен жылы жылы аз қамтамасыз етілген 50 455 отбасыға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген.Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 1-6 жас аралығындағы 26 938 бала кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етілген.