Бүгін «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Шымкенттегі гастрольдік сарапы басталды. Театр ұжымы, әуелі, «Түркістан» сарайында жергілікті БАҚ өкілдерімен жүздесіп, сапар барысымен таныстырды.
«Астана Опера» театры гастрольдік сапар шымылдығын Ф.Шопеннің музыкасына қойылған «Шопениана» бір бөлімді балетімен түрді. Қойылымның қоюшы балетмейстері — Ресейдің халық әртісі А.Асылмұратова.
«Шопениананың» алғашқы хореография авторы Михаил Фокин 1908 жылы қойылымның сюжетсіз нұсқасын шығарған. М.Фокин алғаш сахналаған сәтте туынды жайлы «Балет өнерінде поэзия үстемдік құрған уақыт. Ал биші қыз балет аяқ киімін(пуанты) оның мықты болаттай ұшын көрсету үшін емес, керісінше, аяғының ұшын жерге тигізбестен би арқылы жеңілдік, қандай да бір ғажайып, керемет дүниені жасаған. Мен жаңашылдықпен таңғалдырғым келмейді, дегенмен шартты балет биін оның асқақ даму кезеңіне қай таруға тырыстым. Балеттің негізін салушылар қалай билегенін білмеймін. Оны ешкім де білмейді. Бірақ менің қиялымда олар дәл осылай билеген сияқты» деген екен.
Қойылым барысында Шопен музыкасына үндес хореограф суреттеген балет өнерінің сұлулығы бекзат өнер қолдаушыларын ерекше күйге бөледі. «Шопениана» қойылымынан соң, кеш гала-балетке ұласып, онда классикалық балеттерден үзінділер, заманауи отандық және шетел хореографтарының миниатюралары сахналанды.
Гала-балетте А.Аданның «Корсар» балетінен үзінді ұсынылып, Р.Гайсиннің «Дала үні» балетінен дуэт және Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетінен татар биі сахналанды. Сонымен қатар, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына сахналанған «Қилы заман» хореографиялық миниатюрасы театрсүйер қауымды тәнті етті.
Ертең, 8 маусым күні «Түркістан» сарайында «Астана Опера» театрының гастролі жалғаспақ. Киелі сахнада заманауи отандық және шетел хореографтарының миниатюралары сахналанады. Келіңіздер, көріңіздер!