Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының қазақ тілі оқытушысы Мөлдір Болат 15 жылдан бері қазақ тілінің маманы болып жұмыс жасайды. Орталықта жыл бойына 60-тан астам этнос өкілдеріне қазақ тілін оқытып, жетік меңгеруіне ат салысып жүрген ардақты ұстаз.
Жұмыс жоспарын, тіл үйрету тәсілін жеңілдету мақсатында қазақ тілін базалық (А2) деңгейінде оқыту курсына арналған «Қазақ тілі А2 деңгейі» атты жұмыс дәптерін әзірлеп, осы әдіспен талай жетістіктерге жетті.
Тіл үйренген этностар Ұлы Абайдың 175 жылдық мерей тойына орай ұйымдастырылған «Абай сөзі» байқауында өлең, қара сөздерді мәнерлеп оқуда үздік атанып, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» республикалық байқауы аясында ұйымдастырылған «Мен қазақша сөйлеймін» акциясында дипломдар иеленген.
Ал мұғалімнің өзі 2020 жылы оқытушылар арасында ұйымдастырылған А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауынан ІІ орын және «ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫМЕН» марапатталған.
Айта өтсек, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы 1997 жылы «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы» ретінде қызметін бастаған. Орталықта мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер, кәсіпорындар мен басқа ұйымдар қызметкерлеріне, сонымен қатар жеке тұлғаларға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту; «Мемлекеттік тілде іс-қағаз жүргізу», «Латын графикасын оқыту», курстары мен насихаттау шараларын ұйымдастыру; Тіл үйренушілердің тілдерді белгілі бір деңгейде қиындықсыз меңгеру үшін қажетті оқулықтар, оқу-әдістемелік және көмекші оқу құралдары мен сөздіктер әзірлеп, баспадан шығарып, қамтамасыз ету жұмыстары атқарылады.