Шымкент қаласының тұрғыны Ұлдана Нұрбай қаладағы “Болашақ” колледжінің 2021 жылғы түлегі. Аталған оқу орнын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.
2022 жылдың ақпан айында Шымкент Жұмыспен Қамту Орталығы арқылы “Алғашқы жұмыс орны” жобасына қатысып, оған “KazAuto” серіктестігіне жолдама берілген.
Қазіргі таңда Ұлдана Нұрбай аталған серіктестікте іс-жүргізуші болып еңбек етуде. Айта кету керек, жас маманның осы жұмыс орнында тұрақты жұмысқа орналасуына толық мүмкіндігі бар.
Шымкентте жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен жыл басынан 90-нан астам жас жолданған. Жалпы, жыл соңына дейін барлығы 200-ден астам жасты қамту жоспарланып отыр. Ал, өткен жылы 118 шымкенттік жасқа аталған бағдарлама бойынша жолдама берілген. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 29 жасқа дейінгі мүлдем жұмыс өтілімі жоқ жұмыссыз жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар қатыса алады. Сонымен қатар, алғашқы жұмыс орнына орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі.Шымкент қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен келісімшарт жасасып, оқу орнын аяқтаған жастарды 18 ай жұмыспен қамтиды. Жобаға қатысушының еңбекақысы – 30 АЕК. Үміткерлер тіркелген мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығы бөлімшелеріне жеке куәлігі мен білімі туралы құжат көшірмесін тапсырып,өтінім бере алады. Бүгінгі таңда жобаға қатысуға 50-ге жуық жас жолданып, оның 45-і қаладағы түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жұмысқа кірісті.