Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының маңызды функцияларының бірі — ішкі туризмді дамыту. Басқармаға қарасты «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы осы бағытта – «Балалар туризм апталығын» ұйымдастырған болатын.
Осы мақсатта, мамыр айының 16-20 жұлдызы күндері, жалпы саны 250-ден астам бала Шымкент қаласының туристік нысандарымен танысты.
Балалар мен жасөспірімдерге орталықтың гид-экскурсоводтарының жетекшілігімен әр нысанның мән-мазмұны туралы нақты деректер негізінде ақпараттар берілді. Экскурсия бағдарламасының барысы тек ақпаратпен шектелмей, оқушылардың өзара достық қарым-қатынас орнатуларына да ықпал етті.
«Барлығымыз үшін ең қымбат естеліктер — ол бала кезіміздегі сәттер. Апталықтың басты мақсатының бірі – жасөспірімдерге әдемі саяхат ұйымдастыра отырып, өмір бойы жадында қалатын естеліктер сыйлау болатын. Сондықтан, бағдарламаға қаланың ең танымал туристік орындары біріктіріліп, апталық барысында 10-нан аса нысанға тегін экскурсия жүргізілді», — деді Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасына қарасты «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Умаров.
Туризмді түлету — туған елді танудан басталады. «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы алдағы уақытта балалар туризмін дамытуға мүмкіндік беретін осындай іс-шараларды аймақ, өңіраралық деңгейде өткізуді жоспарлауда.
Балалар жылына орай балалар туризмін дамыту мақсатында алдағы уақытта қала аумағында көптеген тың жобалар ұйымдастырылады деп күтілуде.