Бүгін таңертең еркін күрестен Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері Рсалы Сабыржан мен байрақты бәсекеде өз шеберлігін көрсеткен Пернеш Шадиярды жерлестері әуежайдан күтіп алды.
Сонымен бірге спортшыларды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қарсы алып, оларды жеңісімен құттықтады. Бұл жетістік жаттықтырушылар мен спортшылардың табанды әрі мықты жұмысын көрсетіп тұрғанын айта кетті.
Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен 24-ші Сурдлимпиада ойындарына әлемнің 100 елінен спорттың 21 түрінен 3500-ден астам спортшы қатысты. Қазақстанның намысын 9 спорт түрінен 65 спортшы қорғаса, олардың құрамында жерлестеріміз 65 келі салмақтағы Пернеш Шадияр мен 70 келідегі Рсалы Сабыржан бар.
Сурдлимпиада ойындарында еркін күрестен қазақстандық балуандар қанжығаға 5 медаль байлады: 1 «алтын», 3 «күміс» және 1 «қола» деп,- хабарлайды дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы.
Қазақстандық Хайратхаан Шонку 125 келі салмақта өнер көрсетіп, алтын медальға ие болды. 24-ші Сурдлимпиада ойындарында Хайратхаанның бұл екінші алтын жүлдесі. Осыған дейін ол грек-рим күресінде 130 келі салмақта сынға түсіп, жеңіске жеткен болатын.
Өз кезегінде балуандарымыз Ғабит Есжанов (57 кг), Сабыржан Рсалы (70 кг) және Ғасыр Тұрғынбай (74 кг) жарыста күміс жүлдеге ие болса, Бексұлтан Малайдар (92 кг) қола медальға қол жеткізді. Ал, Шадияр Пернеш (60 кг) пен Мухтар Есенғосұлы (97 кг) бесінші орыннан көрінді.