Шымкент қаласында әлеуметтік жағдай соңғы жылдары біршама жақсарып келеді. Сондықтан болса керек, үшінші мегаполис бала туу және отбасы құру көрсеткіші жағынан елімізде алдыңғы қатарда. Мәселен, 2020 жылы 6776 жұп некесін қиса, 2021 жылы Шымкентке 7880 шаңырақ қосылған. Бұл туралы халықаралық отбасы күніне орай өткізілген салтанатты шара барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан мәлімдеді.
Мереке қарсаңында шымкенттік жас жұбайлар Бекзат Асқарбекұлы мен Мадина Оразбайқызының некесі қиылып, алтын той иелері Нышанбек Ануаров пен Зейнепкүл Рысқұловаға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан арнайы куәлік табыстады.
— Халықаралық отбасы күні дүние жүзінде тойланады. Себебі, «Отан отбасын басталады» дегендей, әрбір отбасы — мемлекеттің берік іргетасы. Ал, әрбір отбасының бақыты — мемлекеттің бақыты. Бүгінде әлемде экономикалық өлшемдер емес, «мемлекетті құраушы отбасылар қаншалықты бақытты?» деген критерий маңызды. Шымкент бала туу және отбасы құру көрсеткіші жағынан алдыңғы қатарда. Мәселен, 2020 жылы 6776 жұп некесін қиса, 2021 жылы Шымкентке 7880 шаңырақ қосылған. Салыстырмалы түрде өңірімізде неке бұзушылардың саны азайғаны да қуантады. Бұл біздің өңірдегі отбасы институтының, үлкендердің өнегелі жолының жемісі деп білеміз. Шаңырақ көтеріп, неке қиған жас жұбайларға алтын той иелерінің жолын берсін деп тілейміз, -деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Нышанбек Ануаров — ұзақ жылдар «Фосфор» АҚ-нда аға заңгер, заң бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған ортасына сыйлы қария.
Зейнепкүл Рысқұлова — 1973 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін денсаулық сақтау саласында фельдшерлік қызмет атқарған. Отағасы екеуі бүгінде мәпелеп өсірген ұл-қыздарынан 14 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.