Үшінші мегаполисте ерекше этно-фестиваль өтуде. Екінші жыл қатарынан қолға алынған іс-шара ежелден қазақ халқының тарихымен біте қайнасып келе жатқан батырлар институтын жаңғыртуға арналған. Тарихи-мәдени танымдық маңызы бар фестиваль Shymqala этно-ауылында ұйымдастырылды.
– Қазақ халқының тарихында аса маңызды, елдігімізді сақтап қалған институт бар деп саналады. Олар – отбасы институты, батырлар институты, ақсақалдар институты және хандар институты. Тарихымызда әрқайсысының өзіндік орны бар. Соның ішінде осы батырлар институты толық зерттеліп бітпеген деп айта аламыз. Жаугершілік заманда ел қорғаны болатын батырлар бейбіт заманда, тыныш уақытта немен айналысады? Олардың күнделікті өмірдегі орны қандай? Міне, біздің де мақсатымыз осы – батырлар туралы жан-жақты зерттеп, халыққа таныстыру, – дейді жоба идеясының авторы Рүстем Ашетаев.
Фестиваль сахналық көрініспен басталды. Намаз оқып отырған батырды жаудың бір топ әскері қоршап алады. Дегенмен, жанкештілік танытқан батыл жігіт жарақат алса да қоршауды тас-талқан бұзып, басқыншылардың батырын жекпе-жекте жеңіп, атын мініп кетеді. Бұдан кейін ежелгі дәстүр бойынша қошқар құрбандыққа шалынып, имам дұға жасады.
Фестиваль аясында жас палуандар қазақша күрестен сынға түсті, көпшілік «Хазар» этно-фольклор тобының концертін тамашалады.
– Bes qaru этно-фестивалі – жақсы бастама. Қазіргі таңдағы әлемдегі геосаяси күрделі ахуал көрсетіп тұрғандай, ел қорғау, халық тыныштығын күзету аса маңызды міндет болып тұр. Әр ел өзіне-өзі мығым, қорғанысы бекем болуы тиіс. «Жағаласқанның жаны қалады» деген сөз бар. Осы орайда ел қорғаны бола білген батырларды танудың маңызы зор, – деді фестивальге арнайы шақырылған тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев.