Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Адам өзінің болашақ кәсібіне әр түрлі жолдармен келеді. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз-өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қойғаны дұрыс.
Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Мамандық таңдау – маңызды іс. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек.
Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істеген іс – табыс биігіне жеткізетін қанат.
Кез-келген талапкерді «Алдағы өмірім қандай болмақ?», «Болашақта мен кім боламын?», «Қандай мамандық иесі атанамын?» — деген сұрақтар жиі мазалайды. Жай ғана ойланудың аз екендігін де білеміз. Негізінен мамандық таңдау деген – өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Яғни қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Біреулер үшін — ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін жаңалыққа, дербестікке талпыныс.
Қазір мектеп түлектері ҰБТ сынағын бітіріп, оқу орны мен мамандықтарын қызу таңдау үстінде болар. Біздің бүгінгі әңгімеміз мамандық таңдауда ойланып жүрген түлектерге қатысты.
Ж.Аймауытов «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деп айтып кеткендей, мамандық таңдау – адамның жас шағында қабылдайтын ең маңызды шешімдерінің бірі. Қуанышы мен ауыртпалығы мол үлкен өмірге енді аяқ басқалы тұрған жас жеткіншектің алдында көптеген мамандықтың, оқу орнының ішінен өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады.
Бүгінгі таңда еліміздегі білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер болашақта білім деңгейі жоғары, ой өрісі дамыған, өз ойын нақты, әрі еркін жеткізе білетін, проблемалық мәселелерді шеше алатын және шынайы өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелеу бағытында болып отыр.
Қазіргі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, озық ойлы, жоғары мәдениетті және толерантты мамандар даярлау мақсатында Шымкент университеті «Педагогикалық ғылымдар» факультеті, «Филология» кафедрасының 6В01701-Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының орны ерекше екенін айтуға болады.
Білім беру бағдарламасының мақсаты:
1) дүниетаным, тіршіліктің өмірі және қызметінің мазмұны мен теориялық мәні туралы терең білім беру;
2) болашақ маманның өзі таңдаған еңбек нарығында жетістікке жетуіне мүмкіндік беретін кәсіби жоғары білім беру;
3) ақпараттық технологиялар саласындағы болашақ мамандар үшін тілдік құзыреттілікті қалыптастыруға ықпал ететін үштілді оқытуды оқу үдерісінде қолдану.
Бүгінгі қоғамға бұл білім беру бағдарламасының иелері ауадай қажет. Ұлттық рухтың оянуына, халықтың тілін, ділін сақтап қалуына ықпал ететін халықтың көзі мен құлағы болуға дағдыланған мамандар – осы тіл мамандары.
Кредиттік оқыту жүйесі бойынша кафедра профессор-оқытушылары қазіргі қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Студенттердің ғылыми-зерттеу, шығармашылық жұмыстарына жетекшілік етіп, бағыт-бағдар береді. Қазіргі педагогикалық оқыту технологияларын пайдалану тәжірибесін зерттеу мен тарату мақсатында кафедраның ұйымдастыруымен халықаралық және республикалық, университетішілік әдістемелік семинарлар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Оқу аудиториялары заман талабына сай көрнекі құралдармен, техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Білім беру бағдарламасының білім алушылары қазақ тіл білімі мен әдебиеттану бағытындағы мерзімді басылымдарды, оқулық пен оқу құралдарын, зерттеу монографиялары мен көркем әдебиеттерді, электронды басылымдарды еркін пайдалана алады. Педагогикалық практикадан өту барысында студенттер жаңартылған білім берудің теориясы мен әдістемесін орта мектепте қолдануға машықтанып, бірегей тәжірибе мен шығармашылық ізденістерін жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, студенттер түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Қазақ тілі мен әдебиеті – ұлттың келбеті, болашағымыздың айнасы. Осы болашақтың тұтқасы білімді ұрпақ қолында.
«Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді. Егер бұл талпыну болмаса, әрбір адам білімге, еңбекке үңіле қарамаса, тек аңша қарын тойдырып, ұйқымен уақыт өткізсе, ешбір ілгері басу – өрлеу де болмас еді» деп Әлкей Марғұлан айтып кеткендей жас буынның талабын ұштап, білімге қол жеткізудің жарқын үлгісіне айналған университетімізге білім алуға шақырамын. Шымкент университетіне кел, жас талапкер!
Жумагулова Н.Ж.
Шымкент университетінің магистр,
аға оқытушысы