Бүгін Қонаев пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында жүргізіліп жатқан жолайрық құрылысының бір бөлігі аяқталып, Қонаев даңғылы пайдалануға берілді. Бүгіннен бастап автомобильдер осы жолмен жүруді бастады.
Жолайрықтың Қонаев даңғылы бөлігінің ашылу рәсіміне қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
-Былтыр 15 қазанда қолға алынған жолайрық құрылысы биыл күзде өз мәресіне жетті. Қазан айының 25-не дейін Т. Рысқұлов көшесінің бір тарапы, екінші бөлігі қараша айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Жобаға 7.9 млрд теңге жұмсалды. Мұндай жол құрылысына арналған және аз уақыттың ішінде біткен ірі жоба Шымкентте тұңғыш рет іске асырылып отыр. Осынау жобаның арқасында қалада көлік кептелісі мәселесін біртіндеп шешетін боламыз, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Алдағы уақытта мердігер компания «Базис констракшн» ЖШС құрылыспен бірге жолайрық айналасын абаттандыру жұмыстарын да қолға алады. Қонаев пен Бәйдібек би даңғылдарын жалғайтын жаңа жолда жаңбыр суы жиналатын суағарлар да қарастырылған.
Жолайрықтың жалпы ұзындығы Д.Қонаев даңғылы бойынша — 1 030 м, ал Т.Рысқұлов көшесі бойынша — 684,7 м. Жолдың ені — 45 метр. Жалпы жол айрықтың көлік өткізгіштігі тәулігіне 141 720 құрайтын болады. Осылайша қаладағы көліктер тығыны едәуір азаятын болады.