Шымкент қаласында кәсіпкерлікті қолдау, кәсіпкерліктің жаңа субъектілерін ашуға жағдай жасау басты жолға қойылған. Бұл бағытта Әл-Фараби ауданында 10 ай көлемінде 4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған.
Бұл жөнінде бүгін аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинг барысында мәлімдеді.
-Жыл басынан жалпы 24 ірі кәсіпкерлік нысанның құрылысы басталды. Оның ішінде 13 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 11 кәсіпкерлік нысандардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына және тұрақты жұмыспен 548 адам қамтылып, тартылған инвестиция көлемі 4 млрд құрады. Карантин режимінде енгізілген шектеу шараларына байланысты, біршама құрылысы жүріп жатқан кәсіпкерлік нысандар мерзімінде аяқталмады, — деді Ғабит Патшаханұлы.
Онымен қоса, ауданда «Орталық қырғы базар», «Дархан» базарын қайта жаңғырту (реконструкция) күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Дархан» базарындағы күрделі құрылыс жұмыстарын осы жылы бастап, 2021 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарлануда екен. Құрылыс жұмыстарына «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мемлекеттік бағдарламасы аясында, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қолдауымен 100 млн. теңге субсидия бөлінген.
Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Мен кәсіпкер боламын!» бағдарламасы аясында 103 азамат әртүрлі салада өз кәсіптерін ашып, жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алған.