«Асыл арна» телеарнасының негізін қалаушы, айтыскер-ақын Мұхамеджан Тазабеков өзін сынға алушы көпшілікке жауап берді. «Мұхамеджан сөйлемесін, ТӘЛІМ ТРЕНД тоқтатылсын» деп даурыққан жұртқа ренішін білдірді, деп хабарлайды Oinet.kz. Бұл туралы айтыскер-ақын Instagram парақшасында жазба қалдырды.
— Сіздер қалай ойлайсыздар? Менің осы жүргізіп отырған парақшамнан, айтып жүрген “ТӘЛІМ ТРЕНДТЕН” кімге не зиян бар? Кейбір қаракөздеріміз дабыл қағып, “Мұхамеджан сөйлемесін, ТӘЛІМ ТРЕНД тоқтатылсын” деп даурығатындай кім не бүлдірді? “Жақсыда жаттық жоқ, жақсы сөз жан семіртеді, сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел” деп, ізгілікті қалаған ірілердің ұрпағы емес пе едік?! Айналамыздан ақсақал таппай, қарттардың ішінен қария шықпай қапа боп жүрген заманда, “ТӘЛІМ ТРЕНДТІҢ” алдын тосып, жолын кесетіндей ҚАЗАҚТЫҢ көңілі неден тарылды? Отбасыңмен отырып кино көре алмай, ұл-қызыңа ойлағаныңды бере алмай, инстаграмнан ютубқа, ютубтан тик-токқа түскен заманда, тағылым іздеген қазақтың “ТӘЛІМ ТРЕНД” тыңдағанынан қандай қасірет көріп тұрмыз?! Ақ ниетімді алдарыңызға ақтарып салып, уайымыңыз болса жеңілдетуге, қуанышыңыз болса көбейтуге үлес қоссам деп талпындым. Қамыққан қарындастың, көңілсіз келіннің, жабыққан жеңгейдің жанына жылу сыйласам деп желіге жүгіндім… Мен тәжірибеммен бөлісіп, тәлімімді айттым, сіздер жүрек жібітіп, жақындарыңызға жібердіңіздер. Сіздер ақ тілек айтып, жігер бердіңіздер, мен риза болғаннан қанаттанып, қал-қадірімше қызмет етуге қуат жұмсадым. Елдің тілегі есіктегіні төрге, ылдидағыны өрге шығарады. Сіздердің баталарыңызды алып, ризашылықтарыңызға бөленген “ТӘЛІМ ТРЕНД” жобамыз Ұлттық арнаның назарына түсіп, жаңа деңгейде, байтақ жұртқа ұсынылмақ екен. Онда тұрған не бар? Діни уағыз, шариғи насихат айтқалы жатқанымыз жоқ. Зайырлы қоғамға, дәстүрлі құндылықтарды паш етсек, әлемге кеңінен танымал консерваторлық көзқарас пен либералдық ұстанымдардың ықпалын талқылап, қызық деректерді келтірсек, кімге не зиян?! Ұлтқа керекті, ұрпаққа пайдалы, қоғамға маңызды мәселелерді көтерсек, тәлімді тұсын тарқатып, пайдалы жағын пайымдасақ одан кім ұтылмақ? “Өнбейтін дауды өспейтін ел ғана қуалайды”, дейді қазақ — деді Мұхамеджан Тазабеков. Сондай-ақ, Мұхамеджан Тазабеков өзіне жала жауып, жел сөзге еріп жүрген көпшілікке өкпе-ренішін білдірді. — “Ойбай, уахаби екен, арабтан ақша алады екен, билікке жағымпаз болғасын жолы ашық екен” деген жала мен долбарды естіп келе жатқаныма жиырма жыл болды. Күдіктілер ұсталып, кінәлілер сотталып, қаншама оқиға тарихқа сіңіп кетті. Болатын жаққа жүріп, оңатын тірлікпен айналысудың орынына әлі күнге бір-бірімізді аңдып, берекемізді қашырып, бет-бетімізбен шашылып жүрміз. Қазір, жүйкені тоздырып, жау іздейтін емес, басымызды қосып, бақ іздейтін уақыт деп ойлаймын. Қазақ батыры жоқтықтан емес, басы бірікпегеннен, айтары болмағаннан емес, ашуын іpікпегеннен қор боп келді. Бес-алты қазақ қарсы болғаннан «Тәлім тренд тоқтап қалмайды, бес-алты пост жазылғанмен менің меселім қайтып қалмайды, тек өкініштісі, тыныш жатқан ел дүрлігіп, алаң-құлаң етіп абдырап қалады. Ұтатын шайтан, ұтылатын қазақ. Ертең өтіп кететін бес күн жалғанның бетін таласқа толтырмай, табысып, жарасып жүргенге не жетсін ағайын?! Ел аман, жұрт тыныш болсын! — деді Мұхамеджан Тазабеков.