Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «Зейнетақы жасын төмендету туралы ұсыныс қарастырылып жатыр ма?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Stan.kz ақпарат агенттігі министрге орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан онлайн-брифинг барысында «Жақында депуттаттар зейнет жасын азайту туралы ұсыныс жасады. Алайда қазақстандықтардың зейнетке шығу жасы жылдан жылға өсуде. Жалпы, ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасы қандай талаптар сүйеніп бекітіледі? Оның қандай критерийлері бар?» деген сұрақ жолдаған еді.
Шенеунік ұсыныстың түскенін растады.
«Зейнет жасын төмендету туралы ұсыныстар расымен түсіп жатыр. Зейнет жасының ұлғайтылуы немесе төмендетілуі бір мезетте шешілетін дүние емес. Бұл шешім қабылданбас бұрын, әлем елдерінде үлкен зерттеулерге, мерзімдік-өзекті болжамдарға сүйеніп отырып жасалады. Бұл жерде экономикалық, демографиялық факторлар ескеріледі. Бұған қоса жұмыс істеп жүрген азаматтар мен зейнеткерлердің арасындағы арақатынасы, халық ың қартаюы динамикасы сынды көрсеткіштер есепке алынады», — деді министр.
Көршілес мемлекеттер мен Еуропа елдерін мысалға келтіре отырып, Нұрымбетов зейнетақы жасы төмендетілмейтінін кесіп айтты.
«Осыдан он жыл бұрын зейнтекерлердің саны жұмыс істеп жүргендерге қатысты 20%-ті құраса, қазір бұл көрсеткіш 30%-ды көрсетіп отыр. Сондай-ақ 65жастан асқан аға буынның үлесі көбейіп жатыр. Биыл бұл 7,7%-дан асты.
Қазіргі күні әлем елдері зейнетақы жасын көбейтіп жатыр. Сол себепті де осы әлемдегі трендтерді ескере отырып, үкімет зейнетақы жасын қарастырмайды», — деді Нұрымбетов.