2020 жылдың 17 қыркүйегі күні Шымкент қаласы, Нұрсәт ш/ауд, №80 мектепте мүмкіндігі шектеулі балалар мен көп балалы отбасылардың балаларына арналған бейімді және инклюзивті спорт секцияларының ресми түрде ашылуы өтеді.
Секция «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры жүзеге асыратын «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасының аясында іске қосылады. Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласында 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ал биыл Шымкент қаласы мен басқа да өңірлерде басталды.
Жобаның мақсаты – елде бейімді дене шынықтыру саласын дамыту, мүмкіндігі шектеулі балалар мен көп балалы отбасылардың балаларына арналған бейімді спорт секциялары жүйесін құру.
Енді Шымкенттегі БЦП, аутизм және Даун синдромы секілді диагнозы бар балақайлар да бейімді футбол, жүзу, таэквонда және бочча үйірмелеріне тегін қатыса алады.
Жоба Бас серіктес – «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобалар қорының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Шымкенттегі жобаға Nur Otan партиясы, «Қасиетті жол – Шымкент» оңалту орталығы секілді әлеуметтік серіктестер мен жергілікті атқарушы органдар да қолдау көрсетуде.
Ашылу салтанатына жобаның авторы — «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры Нұргүл Ұлжекова, дәрігер-реабитолог Айнұр Нұрқожаева, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және дене шынықтыру мен сопрт басқармасының өкілдері, жас спортшылар мен олардың ата-аналары қатысады.