Түлкібас ауданында Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің қатысуымен маңызды семинар-кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі тақырыбы – «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» болды. Бұл жиынға Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері, аудан әкімінің орынбасары, сондай-ақ «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» ұйымдарының мүшелері, ауылдық ардагерлер қатысты.
Семинар-кездесуді ашып, жүргізген аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы ардагерлер ұйымының ұрпақ тәрбиесі саласындағы атқарған жұмыстары мен бастамалары туралы сөз қозғап, білім беру мен тәрбиелеудегі жаңа бағыттарды талқылауға ерекше назар аударды.
Ал Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары семинар барысында қазіргі қоғамдағы жастар тәрбиесінің маңызы туралы жан-жақты баяндама жасады. Ол ардагерлер ұйымдарының ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүргізіп жатқан жұмыстарын атап өтіп, жастарды Отансүйгіштікке, адамгершілік құндылықтарға баулу, отбасы мен қоғам арасындағы байланыс мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, «Әкелер мектебі» ұйымының төрағасы мен «Әжелер алқасы» ұйымының төрайымы да өздерінің тәлімгерлік тәжірибелерімен бөлісіп, тәрбие саласындағы түрлі мәселелер мен жаңа тәсілдер жайлы ойларын ортаға салды.
Кездесу барысында әртүрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылып, ұрпақ тәрбиесі мәселелерінде қоғамның барлық мүшелерінің бірлескен жұмысы қажет екені ерекше атап өтілді. Жиын соңында қатысушылар осы бағытта атқарылатын жұмыстардың маңыздылығы туралы сөз алып, алдағы уақытта ұрпақ тәрбиесін жетілдіруге бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.