Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы кезекті аралау барысында бірқатар нысандарда болып, жұмыс барысын бақылады. Ең алдымен, шаһар басшысы Шымкент Сити шағынауданындағы жол құрылысын, А-2 автомобиль жолын қайта құру және Изенді көшесіндегі күрделі жөндеу жұмысын, сондай-ақ, Жандосов көшесінің Сасбұқаев пен Адырбеков көшесі аралығында атқарылып жатқан жұмыстарын тексерді.
Қала әкімі әңгімелесу барысында мердігер мекеме өкілдеріне жөндеу жұмыстарын қатаң құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Барлық бағыттағы жұмысты жеделдетуді және жөндеу жұмыстары жол қозғалысына кедергі келтірмеуі үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Ғабит Әбдімәжитұлы автомобиль кептелісін азайту мақсатында транспорт және автомобиль жолдары басқармасының басшысына Изенді көшесін Төлеметов көшесіне дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыруды жүктеді.
Сонымен қатар, Ғ.Сыздықбеков жол құрылысы саласын цифрландыру барысымен танысып, жылжымалы жол зертханасының жұмысын көрді. Қазіргі таңда қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалада автомобиль жолдарын кешенді тексеру, техникалық есепке алу, температура мен ылғалдылық мониторингін жүргізу арқылы жолды басқару жүйесін жетілдіру және сапасын арттыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жаңа зерттеу түрі жол мен нысандардың техникалық жай-күйін талдауға, олардың паспорттауын жүргізуге және электронды жол базасына енгізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қала әкімі Жаңаталап шағынауданындағы жаңа көпір құрылысының да барысын пысықтады. Әрі қарай Абай атындағы саябақ, «Аналар аллеясы», Рысқұлбеков, Мәделі қожа, Жандосов, Шаяхметов, Ерімбетов және Жәнібеков көшелеріндегі жаяу жүргінші жолының, көше жарығының жай-күйін және тазалығын тексерді. Сондай-ақ, Жібек жолы мен Жандосов көшелерінің қиылысындағы және 17 шағынаудандағы скверлер құрылысын бақылады.
Шымкенттің біраз жерін жаяу аралап шыққан қала әкімі бірқатар нақты тапсырмалар берді. Жауаптыларға қоқысты жинау мен шығару бойынша бақылауды күшейту және шымкенттік арнаның уақытылы сумен толтырылуын қамтамасыз ету міндеттері жүктелді.