Бүгін Шымкент қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен өтті. Жиын барысында бірнеше маңызды мәселелер талқыланды. Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының міндетін атқарушы Е. Жолғасбаев қасақана қылмыс жасағандарды қайта әлеуметтендіру бойынша баяндама жасады. Полиция департаменті басшысының орынбасары А. Бейсенбаев пен Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қ. Базарбаев ішкі істер органдары мен төтенше жағдайлар саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шаралары туралы мәлімет берді. Мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жөнінде мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Алмас Абаев баяндады, ал кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев кәсіпкерлерді қолдау шаралары туралы ақпарат берді. Жиын соңында қала әкімі басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді және жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қайсын болмасын да қатты алаңдататыны айқын.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы — адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стретегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп түсіндіріледі.