Жиын барысында талқыланған мәселелер АЭС салудың еліміздің энергетикалық саясатын дамытудағы маңыздылығын көрсетеді. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында Жалпыхалықтық референдум қорытындысына арналған жиын өтті. «TALQYLAU» диалогтік алаңшасына АЭС салуды қолдау жөніндегі қалалық халықтық штабтың мүшелері қатысты. Олардың қатарында «AMANAT», «Қазақстан Халық партиясы», «Республика» партиялары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары болды. Жиынға төрағалық еткен «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев референдум аясында белсенді жұмыс істеген штаб мүшелеріне алғыс білдірді. «Жалпыхалықтық референдум сәтті өтті. Науқан қарсаңында АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб құрылып, оған 6 партия мен көптеген үкіметтік емес ұйымдар кірді. Шымкентте бір ай бойы тиісті жұмыстар жүргізілді. Штаб мүшелері қаланың әр аумағында 200-ден астам кездесу өткізді. Кездесулер барысында қала тұрғындарымен атом энергетикасының даму перспективалары талқыланып, АЭС салынған жағдайда қоғамда қандай өзгерістер болатыны туралы ашық әңгіме болды. Нәтижесінде, АЭС құрылысын қолдайтындардың саны көбейгені байқалды», — деді Мұрат Жолдыхожаев. Жиында шымкенттіктердің 70 пайызы референдумға қатысқаны да атап өтілді. Кәсіподақ федерациясының Шымкент қаласы бойынша төрағасы Бауыржан Әлтеев бұл көрсеткіш штаб мүшелерінің жұмысының нәтижесі екенін айтты. «Біздің болжамымыз бойынша, АЭС референдумы халық тарапынан қолдау тапқаны анық. Ендігі мәселе — құрылысты кім жүргізетіні. Бұл сұраққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауап берді. Үкімет бұл мәселені саралап, шешімін шығарады. Президент Қазақстанда озық технологияларға ие әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі керек екенін айтты», — деді Бауыржан Әлтеев. Жиын барысында талқыланған мәселелер АЭС салудың еліміздің энергетикалық саясатын дамытудағы маңыздылығын көрсетеді. Референдум қорытындыларына сәйкес, қоғамда АЭС құрылысын қолдаушылар санының артуы, электр энергиясын өндірудің жаңа көздерін табудың қажеттілігін білдіреді.