Заң мен тәртіп баршамызға ортақ. Адам құқықтары жаратылыс жэне кез келген өзге құқықтың негізгі түсінігі болып табылады.Олар азаматтық құқықтар мен саяси бостандықтарды, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды, сондай-ақ қауымдар құқықтарын (балалар, әйелдер, ұлттық азшылықтар, халықтар және т.б.) қамтиды. Адам құқықтары дегеніміз индивидтің өз қалауы бойынша әрекет ету мүмкіндігін (адам құқықтарының бұл бөлігін бостандықтар деп атайды) немесе белгілі бір игіліктерді иемдену мүмкіндігін (бұл адам құқықтарының өзі болып табылады) қамтамасыз ететін адамдар мен мемлекет қарым-қатынастарының нормалары, қағидалары. Адам құқықтарының бүгінгі түсінігі либерализмнен бастау алады, ал оның көрнекті өкілдері Локк, Гроций, Монтескье, Джефферсон, Смит, Милль жэне т.б. болған. Осы ғұламалар адамның өмір сүруге, қауіпсіздікке, еркіндікке, езушілікке қарсы қарсылық көрсетуге және т.б. іргелі құқықтарын мемлекеттен тәуелсіз жэне онымен қорғалуға тиісті адам жүріс-тұрысының табиғи, ажырағысыз және қасиетті нормалары ретінде негіздеген еді. Бұл жағдайда адам құқықтарының табиғи, жаратылыс сипаты дегеніміз олардың адам туылғанынан пайда болуы, адам құқықтарының ажырамасыздығын және оларсыз индивидті қоғам мүшесі, нағыз әлеуметтік субъекті қылатын ерекше адамдық қасиеттерден айырылу қатері пайда болатын олардың индивидке тірі жан ретінде тән болуы, ал адам құқықтарының қасиеттілігін оларды ең жоғары құндылықты мәртебе ретінде қарастырғандықтан сыйлау, құрметтеу және оларға табыну деп түсінуімізге болады. Қазақстан Республикасында Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен уәкілі қызмет етеді. Қазақстанда Омбудсмен институтының құрылуы — осы бағытта үздіксіз атқарылған қыруар жұмыстың жемісі. Талай жылдар бойы мамандар осы құрылымның адам құқықтарын қорғаудағы маңызын анықтап, оны құрудағы әлемдік тәжірибені жинақтауға бар күшін салған. Әсіресе, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы, БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасы, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық жөніндегі ұйым секілді халықаралық органдарды ерекше атап өткен жөн. Осы және басқа да құрылымдардың барлығы Омбудсменнің халықаралық стандарттарға, әсіресе, Париж қағидаларына сай заңнамасын жасауға қажетті шараларды жүзеге асырды. Бұл құрылым адам құқықтарын мемлекеттік лауазымды тұлғалардың қол сұғуынан қорғауды, заңнаманың және құқық мирасқорлығы тәжірибесінің дамуын қамтамасыз етуді, ағартушылық бағдарламаларды дайындап, оларды жүзеге асыруды мақсат тұтады. Омбудсменнің жұмысы БҰҰ-ның бірқатар конвенцияларын ратификациялаған Қазақстан Респубикасының халықаралық міндеткерліктеріне және осыған ұқсас құрылымдардың әлемдік тәжірибесіне сай атқарылады. Сонымен қатар, Омбудсмен үкіметтік емес ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара тығыз қарым-қатынас орнатады. Омбудсмен жұмысының негізгі қағидалары: жариялылық, әділдік және бейтараптық. Адам құқықтарын қорғап-қолдауда Омбудсмен көптеген өкілеттіктерге ие. Бұл жерде ҚР азаматтары ғана емес, сондай-ақ ҚР-да тұрып жатқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар жайында сөз болып отыр. Омбудсмен өкілеттіктерінің кеңдігі, оның тәуелсіздігі мен ешкімнің алдында жауап бермеуі, саяси-қоғамдық мәртебесінің жоғарылығы, сондай-ақ, ұйымдастыру, құқықтық, қаржылық жағынан қамтамасыз етілуі Омбудсмен жұмысының кепілі болып табылады. Сонда ғана Омбудсмен адам құқықтары мен еркіндіктерін қорғауда қалыптасқан жағдайды жақсартуда, осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда үлкен жетістіктерге жете алады.