Аталған аялдама Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Нұрсат тұрғын алабы №4542 ғимараты жанында, адамдар көп шоғырланған жерде орнатылды. Аталған мекен-жайда қоғамдық көліктерге арналған 2 (екі) аялдама орны қарастырылған. Екі аялдамада М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түсудің негізгі талаптары көрсетілген. Қауіпсіздік ережелері бейнеленген жадынамалық ақпараттар да бар. Жадынамаларда судағы қауіпсіздік, өрт және жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелері мен нұсқаулықтар көрсетілген.Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Ж.Джабаев: «Аялдамада тұрғындарға өрттің алдын-алу шараларын қалай жүргізу керектігі көрсетілген. Негізгі мақсат — құтқарушы мамандығын дәріптеу және тұрғындарды өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауға шақыру» — деп атап өтті. Аталмыш «Құтқарушылар» тақырыптық аялдама тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруды, ақпараттық көмек ретінде де зор мүмкіндік туғызады. Өйткені оның ішінде су айдындарында шомылу кезіндегі, өрт қауіпсіздігі, табиғи және техногендік сипаттағы қауіпсіздік шараларының алдын-алу бойынша жадынамалар, сондай-ақ төтенше жағдай туындаған жағдайда шұғыл нөмірлер жазылған ақпараттарға толы. Тұрғындар арасында иіс тию, өрт қауіпсіздігін сақтау туралы түсіндірме жұмысын ұдайы жүргізудің де пайдасы мол. Осыны ескеріп, төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері, «ҚазТрансГазАймақ» өкілдері және өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері бірлесіп, қала орталығының тұрғындарымен рейдтік іс-шара өткізді. Рейд барысында қала тұрғындары мен қонақтарына өрт пен улы түтінен уланудың алдын алу жөнінде жадынамалар таратылды. Сондай-ақ жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл ережелері мен көктемгі кезеңдегі су тасқынына жол бермеу шаралары жан-жақты түсіндірілді. Төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, тиісті ұйымдармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Жалпы өрт қауіпсіздігі – аса маңызды мәселе. Қаламызда сақтық шаралары қолға алынған. Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар өткізілді. Көліктердің техникалық жағдайы, өртке қауіпсіздігі талапқа сай болуына басты назар аударылуда. Қазір Шымкент дербес қала болуына байланысты төтенше жағдай саласына ерекше мән беріліп, талап күшеюде. Биыл 35-тен аса жаңа көлік алу жоспарланып отыр.