Қазіргі жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Осыған орай бүгін Шымкент қаласындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жазғы кезеңдегі балалардың қауіпсіздігі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Шараға Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы майор Н.Қаракөзев және Төтенше жағдайдың алдын алу бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі И.Махмудов қатысты, деп хабарлайды Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Спикерлер Төтенше жағдайлар департаменті балалардың жазғы кезеңде қауіпсіз демалуына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Ең маңыздысы су айдындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылатынын Н.Қаракозев айтып өтті. 2024 жылы су айдындарында республика бойынша 86 адамның суға бату оқиғасы орын алған, оның ішінде 34 бала. Шымкент қаласы бойынша су айдындарында 1 жазатайым оқиға тіркелді. Қалада суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілген, оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Қала аумағындағы аквасаябақтар мен бассейіндер шомылу маусымында жұмыс атқарады. Сәуір айынан бастап судағы қауіпсізідікті сақтау бойынша 284 рет рейдтік іс-шаралар жүргізілді. (28255 адам қамтылды) Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті, демалыс және мейрам күндері күшейтілген режимде жүргізіледі. Спикер су пайдалану қағидаларын бұзғандығы үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес (412, 364, 440 баптары) жауапкершілікке тартылғандар туралы айтты. 2024 жылғы шомылу маусымы аясында Департамент тарапынан әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 412-бабы бойынша 26 тұлғаға 439 348 тг айыппұл салынды. ТЖ алдын алу бөлімінің бастығы Ирисмат Махмудов терезеден құлау фактілеріне тоқталып, Шымкентте жыл басынан бері балалардың терезеден құлауының бес жағдайы тіркелгендігін атап өтті. Барлық жағдайлар ата-аналардың немесе үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруына және пәтерлердің терезелері ашық болуына байланысты орын алып отыр. Департамент қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында, адамдар көп жиналатын орындарда, сондай-ақ қала аумағында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары арасында жыл басынан бері 8625-ден астам адамды қамти отырып 129 көпқабатты тұрғын үй кешенін аралап, 70 жиын өткізді. Онда 2240 жадынама таратылды. Көпқабатты үйлердің терезелерінен балалардың құлау фактілерін болдырмау бойынша ұсынымдар берілді. Сондай-ақ, Департамент халықтың әлеуметтік осал топтарының пәтерлеріндегі терезелерге қауіпсіздік құлыптарын (фиксаторларды) орнату бойынша (аудандық әкімдіктер мен демеушілердің қаражаты бойынша) акциялар өткізді, онда 40 пәтерде 56 дана терезе фиксаторлары орнатылды.
Департамент қызметкерлері ағымдағы жылдың 24 шілдесінде адамдар көп жиналатын жерлерде (арбат, саябақтар, скверлер, тұрғын үй кешендерінің аулалары және т.б.) тұрғындар арасында көп қабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлауының алдын алу бойынша ауқымды акция өтетінің және спикер өз баяндамасында қауіпсіздік ережелерін тағы да еске салып өтті.