Еліміздегі құқықтық саясат азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқығын қорғауға бағытталған. Мәселен, сот орындаушылар тұрғындардың құқығын қорғау ісінде қандай роль атқарады? Олар өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай атқарып отыр ма? Шымкент Өңірлік коммуникациялар қызметінде «2024 жылдың І жартыжылдығындағы Шымкенттегі сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау жөніндегі жұмыстың қорытындылары» тақырыбында өткен брифингте осы мәселелер сөз болды.
Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Мейіржан Исабековтің айтуынша, шаһарда 152 жеке және 9 мемлекеттік сот орындаушы бар.
2024 жылдың 1 жарты жылдығында олардың орындауында болған 457 617 атқарушылық құжат бойынша 563 млрд 639 млн теңгеден астам сома өндірілуі тиіс еді. Оның ішінде 110 171 атқарушылық құжат бойынша 81 млрд теңге өндірілген.
Заңнамада мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының құзыреттері нақты белгіленгендіктен, өндірістің барлығы дерлік, яғни 99 пайызы жеке сот орындаушыларының орындауына түскен.
«Орындалуға жататын талаптарға тоқталатын болсақ, өткен жылы жалпы өндірістегі құжаттардың ішінен 218 944 іс — мемлекет кірісіне мәжбүрлеп өндірілетін ақша сомалары (айыппұлдар, салық қарыздары және т.б.). Сонымен қатар, заңсыз салынған құрылыстарды бұзу, үйден (жайдан) мәжбүрлеп шығару, басқа да мүліктік емес сипаттағы жалпы 302 атқару құжаты орындауда болып, 86 бойынша өндірістер аяқталған, қалдықта 216 құжат орындалуға жатады», — деді Мейіржан Исабеков.
Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Мейіржан Исабековтің айтуынша, қылмыстық-атқару жүйесі күнделікті қызметте цифрлық жобаларды енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.
Осындай шешімдердің бірі – «электронды бақылау құралдарын енгізу». Қылмыстық-атқару кодексінің 69 және 174-баптарына сәйкес, пробация қызметі бас бостандығы шектелген және шартты түрде сотталған адамдарға, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағандарға электрондық білезіктерді қолдануға құқылы. Бүгінде бас бостандығы шектелген және шартты түрде сотталғандар үшін 2,5 мыңнан астам электрондық білезік қолданысқа енгізілді.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Баймағанбетов ОКҚ алаңында айтып өткендей, білезіктер сотталғандарды тұрақты қашықтықтан бақылауды жүзеге асыруға және қадағалауды күшейтуге мүмкіндік береді, бұл тәсіл қайталанған қылмыстардың алдын алу арқылы профилактикалық әсер етеді.