Жас буын өкілдері де өз ойлары мен пікірлерін, ұсыныстарын жеткізіп, ортаға салды.
Бүгін «Жастар ресурстық орталығында» Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің жетекшілері, ардагерлер және белсенді жастар қатысты. Алдымен басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев басқарманың өткен жылы атқарылған шаруалар мен түрлі жобаларды таныстырды. Баяндамада шаһардың қоғамдық-саяси ахуалы, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс, этносаралық қатынастар, ақпараттық саясатты жүргізу, жастар және отбасы саласы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері айтылды. Одан әрі сөз алғандар бірінші идеологияны жандандыра түсу керектігі, сондай-ақ, жастар арасында болып жатқан түрлі келеңсіз жайттар туралы, оның алдын алу туралы өз ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, жастар арасындағы құмар ойын мен түрлі тәуелділік салдары ашық айтылып, одан қорғанудың жолдары да түсіндірілді. Сондай-ақ, ұсыныстар да айтылып, қала әкімінің орынбасарынан айтылған ұсыныстарды ескеруін өтінді. Соның бірі қалалық мәслихат депутаты Жанар Бектаева ұлтты тәрбиелеуде идеологиялық құрал мықты рөл атқаратындығын айта келе, өзінің осыған қатысты жобасы барын айтып, егер қолдап жатса бөлісетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, жастар тарапынан жас буын өкілдері де өз ойлары мен пікірлерін, ұсыныстарын жеткізіп, ортаға салды. Алқа мәжілісінің соңында әкім орынбасары Сәрсен Құранбек қорытындылап, талап-тілектерді ескеретінін, айтылған сын-ескертпелерден қорытынды шығарылатынын, алдағы уақытта да басқарманың кеңейтілген алқа жиынын ұйымдастырылып тұратынын айтты.