Өнеркәсіптік меншік – өндіріс, сауда айналымы және қызмет көрсету салаларымен байланысты интеллектуалды меншіктің түрі. Оның обьектісі болып адамның ақыл ойының туындылары табылады.
Өнеркәсіптік меншікке – өнертабыстар, пайдалы модельдер ,өнеркәсіптік үлгілер және т.б.жатады.
Өнертабысқа және пайдалы модельге құқық Қазақстан Республикасының Патент заңына сәйкес жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша берілетін патентпен қорғалады. Өнертабысқа, пайдалы модельге патент өнімге ресми сараптама жүргізілгеннен кейін беріледі.
Өнертабысқа патент өтінім берілген күннен бастап жиырма жыл бойы қолданылады.
Пайдалы модельге патент өтінім берілген күннен бастап бес жыл бойы қолданылады.
Өнеркәсіптік үлгіге бұйымның сыртқы түрін айқындайтын өнеркәсіптік немесе қолөнер кәсібі өндірісі бұйымының көркем конструкторлық шешімі өнеркәсіптік үлгіге жатады.
Қазақстан Республикасының «Патент» Заңымен өнеркәсіптік меншік обьектілерін жасауға, құқықтық қорғау мен пайдалануға байланысты мүліктік, сондай-ақ оларға байланысты жеке мүліктік емес қатынастар реттеледі. Сондай-ақ, интеллектуалдық меншіктің өзге обьектілерін (селекциялық жетістіктер, интегралдық микротәсім топологиялары, тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары,тауар шығарылатын жерлердің атаулары және басқалар) қорғау өзге заң актілерімен реттеледі.
Патент өнеркәсіптік меншік обьектілеріне басымдықты, авторлықты және айрықша құқықты куәландырады.
Өнеркәсіптік меншік обьектілерінің қарқынды түрде қызмет етуі үшін авторлар мен патент иеленушілерінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету қажет.Оның қорғалуына құқық иеленуші заңды және жеке тұлға да мүдделі. Патент иеленушілер өздерінің өнеркәсіптік меншік обьектілерін мемлекеттік тіркеу арқылы құқықтық қорғау нәтижесінде басқа осындай обьектіні өндіруші, сатушы және басқа да әдістермен пайдаланушылардан қорғайды.
Өнеркәсіптік меншік обьектілерінің табиғаты материалдық емес, сондықтан оларды қорғау үшін ерекше құқықтың белгілі бір көлемде жүзеге асырылуы қажет.
Қазақстанның интеллектуалдық меншік саласында көптеген халықаралық шарттарға, конвенцияларға, келісімдерге қосылғанына қарамастан, біздің елімізде автор құқықтар толық көлемде қорғалмаған. Сол себепті, 1999 жылы өзінің аумағында зияткерлік меншік құқығының тиімсіз қорғалуын қамтамасыз ететін ел ретінде Қазақстан АҚШ-тың 301 Тауар өкілінің бақылау тізіміне енгізілген. Еліміздің бұл тізімге енгізілу себептеріне автордың өз еңбегі нәтижесін толық пайдалануына мүмкіндігінің болмауы, авторлық құқық бұзушылықтың толық заңнамалық бекітілмеуі болып табылады. Бұл жағдай қазірдің өзінде орын алуда.
Халықаралық ұйымдар өкілдерінің пікірінше, Қазақстанда өнеркәсіптік меншік саласындағы құқық бұзушылықтар оған қарсы күресуге жеткілікті ресурс пен қажетті тәжірибелердің жоқтығынан, сыбайлас жемқорлықтың орын алуынан пайда болуда. Автор құқықтарының жоғарғы дәрежеде қорғалуы үшін ең алдыменен осы саладағы құқық бұзушылықтарды қарастыратын сыбайлас жемқорлықпен күресті және әрекет етуші заңнаманы жетілдіру қажет.
Өнеркәсіптік меншік обьектісін автор келісімінсіз көшірмелеу, азаматтық айналымға енгізілмеген обьектіні суретке түсіру, оны көпшілік алдында орындау,хабарлау сияқты құқықбұзушылықтардың нақты аталып көрсетілуі жеке азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істерді қарастыру және шешім қабылдау кезінде өте маңызды болып табылады.
Өнеркәсіптік меншік обьектісін пайдалана отырып жасалған өнімді рұқсатсыз дайындау, қолдану, жеткізу, сақтау, сатуға ұсыну, сату және азаматтық айналымға өзгеше енгізу, сондай-ақ тікелей қорғау әдісімен дайындалған өнімді қолдану немесе азаматтық айналымға енгізу патент иеленушінің ерекше құқығын бұзу болып танылады. Бұл орайда жаңа өнім өзге де дәлелдемелер болмаған жағдайда қорғалатын әдіспен алынған деп есептеледі.
Көп жағдайларда өнеркәсіптік меншік обьектісінің авторларымен өз құқықтарын қорғай алмау себептеріне талап-арызды қабылдау үшін төленетін бажы мен сараптама жүргізуге, қорғаушы жалдауға және тағы басқа іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін материалдық жағдайларының болмауы жатады. Сонымен қатар, өнеркәсіптік меншік обьектілерінің авторлары мен патент иеленушілерінің құқықтары Қазпатент бөлімшелерінің бірі –шағым (апелляциялық) кеңесімен және сот тәртібімен қорғалады.
Өнеркәсіптік меншікті тиісті деңгейде қорғау – ел дамуының негізгі бастауы, оның табиғи ресурстарының болуына не болмауына қарамастан бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға және дүниежүзілік аренада тұрақтануына кепіл. Себебі, сапаның бәсекеге қабілетті деңгейі тек шығармашылық, өнертапқыштық негізінде ғана қамтамасыз етіледі.
Темірхан БЕКМҰРЗАЕВ,
Шымкент қаласы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімінің бас маманы