Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің оңтүстік қақпасы — «Көмеш бұлақ» базары маңын бақылап қайтты. Әкім Түркістан облысының оңтүстік аудандарына қатынайтын көліктер тұрағының жағдайымен танысты. Шаһар басшысы құрылысы 4 жыл бұрын басталған «Ақжар» қосалқы станциясына да барды. Сонымен бірге Ғабит Сыздықбеков Қазығұрт ықшам ауданындағы № 66 жалпы білім беретін мектеп ғимаратының күрделі жөндеуден өту барысын бақылады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Түркістан облысының оңтүстік аудандарына қатынайтын көліктер тұрағының жағдайымен танысты. «Көмеш бұлақ» базары аумағында Жетісай, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарына 500-ге жуық көлік қатынайды. Соның салдарынан халық көп шоғырланатын аумақта көлік қозғалысы қиындап, кептелістер орын алып отыр. Қала әкімі жауаптылар тарапынан ұсынылған автотұрақты А-2 автомобиль жолының жолайырығы маңына көшіру туралы ұсынысқа қолдау білдірді. Озық үлгідегі автостанция жеке инвестордың есебінен салынады. Ал қазіргі автотұрақ аумағы ретке келтіріліп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 4 «Сергек» бейнекамерасы орнатылады. Жаяу жүргіншілердің бейберекет қозғалысын болдырмау үшін арнайы турникеттер орнату жоспарланып отыр. Қала әкімі жауаптыларға жолаушыларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында автотұрақты көшіру бойынша тиісті жұмыстарды шұғыл іске асыруды тапсырды. Ғабит Сыздықбеков «Ақжар» қосалқы станциясының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мердігермен кездесіп, бірқатар мәселені талқылады. Осыдан төрт жыл бұрын құрылысы басталған нысанның жалпы аумағы 732 шаршы метрді құрайды. Қазіргі кезге дейін 13,6 шақырымға кабель тартылды. Станцияға 110 кВ-тық трансформатор, «Забадам» қосалқы станциясынан «Ақжар» қосалқы станциясына дейін ұзындығы 15,2 шақырымды құрайтын 110 кВ-КЛ жабдықтары орнатылады. Жоспар бойынша нысан құрылысы 2024 жылдың сәуір айында аяқталады. Жаңа қосалқы станция іске қосылғанда 50 мыңға жуық халық және сол аумақтағы бизнес объектілері сапалы электр қуатымен қамтылады. Қала әкімі құрылысты аралау барысында тиісті басқарма басшыларына бірқатар тапсырма жүктеп, жұмыстың мерзімінде орындалуын қадағалауды тапсырды.