Бүгін «Түркістан» сарайында Республика күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков барша тұрғындарды еліміздің рухын асқақтатқан, басты құндылықтарымыз – ынтымақ- бірлігімізді арттырған айшықты мерекемен құттықтады.
«Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, орнықты дамуға бет алған, алдыңғы қатарлы мемлекет болуымыз үшін Президентіміз атап өткендей, «отаншыл, білімпаз, еңбекқор, таза әрі жанашыр» болуға ұмтылуымыз қажет. Өйткені, осы жақсы қасиеттерді бойына жинай білген «Адал азаматтар» Әділетті Қазақстанды құратын болады. Тәуелсіздігіміздің айшықты мерекесі Республика күніне Шымкент қаласы да жетістіктерімен келіп отыр. Қаланың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізді. Биылғы жылдың 9 айында Шымкентке 434 миллиард теңге инвестиция тартылып, жыл соңына дейін 722 миллиардқа жетеді деп күтілуде», — деді қала әкімі.
Мерекелік жиында түрлі салада қызмет атқарған бірқатар азаматқа «Құрметті азамат» атағы беріліп, «Барыс», «Парасат», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдері табысталды.
Кеш қонақтары патриоттық бағыттағы көріністерді ташамалап, өнерпаздар ұлттық рухымызды асқақтататын әуендер шеруін тарту етті.
1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Құжатта ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде танылды.
Одан бөлек декларация аясында ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, Қазақстан халқының төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту және ұлттық қадір-қасиетті нығайту секілді мемлекеттік қағидаттар бекітілді.
Сондай-ақ егемендік туралы декларацияда еліміз мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру туралы айтылған. Мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы саналды.
Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, 25 қазан Республика күні мерекесі ретінде аталып өтіле бастады.
Алайда 2009 жылы сәуірде Республика күні мерекелер қатарынан алынып тасталды. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні тарихи мерекесін қайтаруды ұсынды. Одан бөлек, Президент Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.
Осылайша 2022 жылдан бастап қазақстандықтар Республика күні мерекесін атап өтеді. Бұл күндері барлық өңірде түрлі бағыттағы мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.