“Отбасы құндылықтары – қоғамның басты құрамдас бөлігі ” тақырыбында студенттер арасында кездесу өтті.
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырмасы аясындағы игі шарада № 3 қалалық емханасының тәжірибиелі психолог маманы Избасарова Алия Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы Баймурунова Раушан және «Ана үйі» қоғамдық қорының жетекшісі Тунтекова Қалдар өз ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Халқымыздың рухани байлығының бірі – отбасы құндылықтары десек қателеспейміз. Мемлекет дегеніміздің өзі сол жекелерген отбасылардың қосындысынан құралады. Елдің келешегі әр отбасында тәрбиеленіп өскен азаматтарға байланысты. Отбасылық құндылықтар қоғамның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және мәдениет пен адамгершілікті қасиетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Құндылықтар отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен отбасы мүшелерінің өзара байланысын реттейтін принциптер, сенімдер мен нормалар жиынтығы деуге болады.
Отбасы құндылықтары бала тәрбиесінен бастап ересек отбасы мүшелерінің қолдауы мен құрметіне дейінгі барлық дүниеден көрінеді.
Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, махаббаты. Отбасының негізін, шындығында, махаббат сезімі құрайды. Бұл дегеніміз отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлуі, қамқорлық жасауы, қолдау көрсетуі және отбасы мүшесін қандай кемшілігімен болса да қабылдай білу. Махаббат бар жерде өзара үйлесімділік, эмоционалды күшті байланыс, әрі бақытты отбасы болуға деген ұмтылыс болады.
Екінші маңызды отбасылық құндылық – құрмет көрсету. Сыйластық – әр отбасы мүшесін жеке тұлға ретінде мойындау, олардың пікірлерін, тілектері мен қажеттіліктеріне құрметпен қарауды қамтиды. Сыйластық бағаланатын отбасында ашық диалог болады. Ондай отбасы өзара түсінісіп, адамның ерекшелігін, айырмашылығын қабылдай біледі. Әрбір отбасы мүшесінің жеке шекарасын, мәдени және діни дәстүрлерін құрметтеу – сенімді қарым-қатынас орнатуға және бірлікті нығайтуға ықпал етеді.
Сенім – бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын үшінші отбасылық құндылық болып саналады. Бұл – отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауы мен оны ешқашан жолда тасмайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде адамдар өз ойлары мен сезімдерін ашық білдіре алады деген сөз, яғни қауіпсіздік атмосферасын құрылады. Сенім, сонымен қатар, эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі.
Ауқымды шараға Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің 60-қа жуық студенті қатысты.