Шымкентте тимбилдинг форматында өткен жарысқа тірек-қимыл аппараты бұзылған, зағип және есту мүшелері зақымданған 70-ке жуық мүгедектігі бар азамат қатысты. Ойыншылар шахмат, шашка және тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен жарысты. Әрқайсысының спортқа деген ынта-қызығушылығы орасан.
Қатысушылар арасында Шымкент қаласының нөмірі 19-шы мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің спортшылары да болды. Мақсат — ерекше жандардың белсенділігін арттырып, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету.
Спорттық сайыс «Сізбен біз біргеміз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әскербек Оспановтың бастамасымен өткізіліп отыр. Ұйымдастырушыға Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы мен Шымкент қаласы спорт басқармасы қолдау білдірген.
Жеке және командалық біріншіліктердегі жеңімпаздар медаль, кубоктар және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Тимбилдинг барысында сондай-ақ концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жарысқа қатысушылар «Түркістан сарайының» «Берік пен Гүлнар» дуэты және әнші Тәттімбет Керейдің өнерлерін тамашалады.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша жыл басынан бері әлеуметтік портал арқылы түскен өтініштерге сәйкес 28 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық көмек құралдарымен, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен және мүгедектерге арналған қол арба құралдары, жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметі, шипажайларға тегін жолдамалармен қамтылды. Сондай-ақ мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» көліктеріне 625 өтінім қабылданып, қызмет көрсетілуде.
Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында да мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары айтарлықтай күшейтілген. Мәселен, осы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту қарастырылған. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде рәсімделе алады және олар тиісті еңбекақы мен әлеуметтік аударымдармен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс шеңберінде Мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік қызметтер порталының мүмкіндіктері артуда. Мәселен, қолданба арқылы азаматтар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақытылы жеткізілмегеніне шағым беруге құқылы.