Шымкенттегі жеке мектептердің мәртебесі артып келеді. Соның бірі – «Adan» бастауыш мектебі. Бүгінде балаға сапалы білім мен тәрбие беруде басқа білім ордаларымен бәсекелесіп жүріп, қадам басып келеді.
«Адан» толық күндік жекеменшік бастауыш мектеп. Заманауи. Мультимедиялық құрылғылар, кликер, интерактив тақта секілді баланың барынша қызық жолмен білім алуына сай жабдықталған. «Бизнестік жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында мектепке негізгі құралдарды сатып алуға банктен жылына 14 пайызбен несие рәсімдеген. Оның 8 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды. Айта кету керек, аталған қор бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсету – өңірдің ғана емес, тұтас елдің кәсіпкерлік секторын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Қалада өткен жылы 24 800 орындық 43 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 4-тен 3-ке азайған.
Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мегаполисте 2025 жыл соңына дейін 28 мың орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның 1-уі жуырда пайдалануға берілді. Одан бөлек, 2029 жылға дейін сыйымдылығы 750 орындық 5 өнер мектебінің құрылысы жоспарлануда.
«Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.