Қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосқан, шытырман оқиғалы детектив жанрын алып келген және негізін қалаған журналист, жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына орай жас ұрпаққа өнегелі өмірі мен шығармаларын насихаттау мақсатында орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің №12 кітапхана бөлімшесінде «Жұлдызды жорық» кітабы бойынша әдеби вернисаж ұйымдастырылды.
Өзінің 63 жылдық ғұмырында тынымсыз еңбектеніп, қыруар шығармаларын соңына қалдырған жазушы Кемел Тоқаевтың да балалар әдебиетіне ден қойып арнайы көркем еңбектер жазған. Сұрапыл жылдарда өмір сүріп, қым-қуыт қиын кезеңде еңбек еткен ұрпақ қамын ойлап, ұлттың болашағы болған балалар тақырыбына да тоқталып өткен екен. Соның ішінде «Жұлдызды жорықтар» кітабы талдап, талқылап таныстырылды. Оқушылар еліміздегі ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдардың от жалынға оранған күреске толы күндері және ел мен жер үшін күрескен тұлғаға кеңінен сипаттама берді.
«Соңғы соққы» кітабынан үзінділер оқыды.»Ауыл қызы», «Жұлдызды жорықтар» әңгімелерінен үзінділер оқыды. Ақындардың жазушыға арналған арнау өлеңдерін жатқа айтып берді. Шара соңында «Өшпестей із қалдырған бұл өмірде» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, балаларға арналған шығармалары насихатталды.
Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, журналист, жазушы, қазақ әдебиетіне шытырман оқиғалы детектив жанрын алып келген қарымды қаламгер Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы. «Қазақ детективінің атасы» атанған жазушының мерейтойына орай жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы аз-кем жазуды жөн көрдік.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетіне сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгер 1923 жылы 2 қазанда қазіргі Жетісу облысы, Қаратал ауданында дүниеге келген. Зұлмат соғыстың зардабын көрген азамат бозбала шағында майдан даласына аттанады. Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыста қаһармандық танытып, қанды қасапта атой салған ол жеңіске жету жолында жанын беруге дайын еді. От пен оқтың, талай қантөгістің ортасында жүріп, ерлігімен танылды. Кейінірек Украина, Беларусь, Польша секілді мемлекеттерді азат ету операцияларына қатысты. Қан майданда бірнеше рет ауыр жараланып, елге оралуға мәжбүр болады. Сұрапыл соғыста ерен ерлігімен танылған батыр «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» секілді төсбелгілермен марапатталады.