Бүгін Шымкент қалалық онкологиялық орталығында Санкт-Петербург қаласындағы Н.Н. Петров атындағы онкология ғылыми-зерттеу институтының профессоры, РҒА академигі Е.В.Лещенконың қатысуымен бронхопластикалық операциясы бойынша шеберлік сабағы өтті.
Жоғары технологиялық операцияның тиімділігі зор. Ота кезінде онкологиялық дертке шалдыққан науқастарда қатерлі ісік алынып қана қоймай, мүшені сақтап қалуға мүмкіндік туады.
Күрделі операциялар бұған дейін шет мемлекеттерде жасалып келген еді. Шеберлік сабағында озық технологияларды пайдалана отырып үш науқасқа жасалынған ота сәтті шықты.
Бүгінде орталық мамандары онкологиялық дертпен күресте, заманауи талапқа сай хирургиялық көмектерді көрсетуде әлемдік деңгейдегі тәжірибелі дәрігерлермен әріптестік байланысты нығайтқан.
Еске салсақ, өткен жылы Шымкент қалалық онкологиялық орталығының дәрігерлері Астана қаласындағы«Онкологияға инновациялық технологияларды енгізудің тәжірибесі мен болашағы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми практикалық конференцияға белсенді қатысқан еді. Мамандар түрлі тақырыпта баяндама жасап, өздерінің озық тәжірибелерімен бөліскен болатын. Мұндай іс шаралардың дәрігерлер біліктігін арттыруда, сондай-ақ қатерлі ісікпен күресті нығайтуда маңызы орасан. Дүние жүзі елдерін алаңдатып отырған онкологиялық аурулармен тиімді күресу мақсатында ұйыстырылған іс шараға отандық дәрігерлермен қоса Ресей, Ундістан,Грузия ТМД елдерінің жетекші онколог мамандары қатысты. Жергілікті дәрігерлер халықаралық конференцияда онкологиялық ауруларды емдеуде тың әдістермен танысып, медицинасы озық дамыған мемлекеттердің қолданысындағы заманауи тәжірибелерді меңгеруге мүмкіндік алған.
Айта кетейік, Шымкент қалалық онкологиялық орталығының мамандары біліктіліктерін арттыруда шетелдік әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Мұндай тәжірибе алмасу шаралары қалада қатерлі ісік ауруларын алдын алуда, емдеуде оң нәтижелерін беруде.