Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев тұрғын үй мәселесі нарықтағы ахауалға байланысты екенін айта келе, тұрғын үй саясатын қарау керегін айтқан болатын. Биылғы жылы Шымкентте 888 жас арендалық баспанамен қамтылу көзделген.
Жастар бойынша конкурсқа өтінімдер қабылдау электронды порталы арқылы жүзеге асырылып, өтінімдерді қабылдау, өңдеу, келісім-шартқа тұру жұмыстары толықтай электронды нұсқада жүргізілетін болады. Шымкент қаласы бойынша әзірге жастар бағдарламасы басталған жоқ. Бұл бойынша алдын ала БАҚ-та және әлеуметтік желілер (инстаграмм, фейсбук) арқылы жарияланатын болады.
Шымкентте «Qamqor» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама ең алдымен тұрғын үй кезегіне тұра алмайтын сала мамандарына арналған бағдарлама. Өтінімдер Отбасы банктің жылжымайтын мүлік порталында 15 тамыз — 25 қыркүйек аралығында қабылдануда. «Qamqor» бағдарламасы Шымкенттік мамандардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі. Оған дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан немесе қайталама нарықта да үміткерлер өздері тауып сатып ала алады. Қарыздың максималды сомасы 20 млн теңгені құрайды. Кредит бойынша алғашқы жарна- 10%, жылдық мөлшерлеме-5%. «Qamqor» бағдарламасы аясында несиелеу үшін алғашқы транш 3 млрд теңгені құрайды. Аталған қаражат жергілікті атқарушы орган тарапынан бөлінеді. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде өтінімдерді қабылдау және әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыруда басты оператор Отбасы Банкі болып табылады. Жеңілдетілген несиелеуге үміткерлерді іріктеден өткізу барысында қатысушылардың некедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы әсер етеді. Сондай ақ «Qamqor» бағдарламасына 63 жасқа дейінгі қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы, соңғы 3 жыл ішінде Шымкентте тұрақты тіркеудің болуы тиіс.
Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21 азаматқа, 2020 жылы 101 азаматқа, 2021 жылы 416 отбасыға қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттары табысталған болатын. 2022 жылы 58 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген.
2023 жылға қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып, ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап тұрғын үй сертификаттарын алу үшін электронды түрде құжат қабылдау жүргізілуде. Қазіргі таңда, 159 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілді. (оның ішінде: толық емес отбасылар – 15, көп балалы отбасылар – 72, ерекше бала асыраушы отбасылар-69, бюджеттік ұйым және мемлекеттік қызметшілер – 4).