Бұқаралық спортпен халықтың шұғылдануын арттыру, спорт саласының жандануына тұрақты жағдай жасау — Мемлекет басшысы жүктеген маңызды тапсырмалардың бірі.
Осы орайда, бүгін Қаратау ауданы аумағындағы Шапырашты елді мекенінде жаңа “Sarybai” спорт кешені тұрғындардың игілігіне берілді.
Жергілікті меценат, белгілі спортшы М.Қыпшақбаевтың бастамасымен құрылысы бастау алған спорт кешенінде спорттың бес түрі бойынша арнайы залдар қарастырылған. Жалпы 1000-нан астам баланы қамтуға жабдықталған кешенде арнайы сала бапкерлері өз қызметтеріне кірісті. Құрылтайшылар тарапынан қызметкерлерді жұмыспен, қатысушыларды арнайы спорт киімдері, құралдарымен қамту мүмкіндіктері толық қаралған.
Алдағы уақытта аудан аумағындағы шалғай елді мекендерде де ауқымды спорт нысандары ашылатын болады.
Сондай- ақ Шымкент қаласында Әл-Фараби ауданы аумағындағы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және балалардың салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай қарастырылған. Қаланың орталығында орналасқан ауданда 235 мыңға жуық халық тұрады. Бүгін Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданына қарасты Қабанбай батыр көшесі №13 тұрғын үй, Пазылбеков көшесі №5, 7 үй, Айбергенов көшесі №1, 5, 5а мекен жайларына балалар ойын алаңшалары тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді.
Қазіргі уақытта жоспарланған 39 ауланың 24 ауласында балалар ойын алаңын орнату жұмыстары аяқталып, 15 аулада құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жалғасуда.
Сонымен қатар ауданда бүгінде 106 ашық спорт алаңы бар. 2023 жылы 2 ашық спорт алаңын салу жоспарланып, іске асырылды. Береке шағын ауданында және Жангелдин көшесі №14 үй ауласында бүгін ашық спорт алаңы да ойын алаңшаларымен бірге қолданысқа берілді.
Жалпы соңғы 3 жыл ішінде аудан аумағында 42 спорт алаңының құрылысы бой көтеріп, Әл-Фараби ауданы тұрғындарының қуанышына айналды.
Болашақта жаңа ойын алаңшалары мен спорт алаңын күтіп ұстау – тұрғындардың қолында.