Шымкентте интернет және мобильді байланыс желісінің сапасын арттыруда тиісті жұмыстар жалғасуда. Қала аумағындағы байланыс желісін жақсарту мақсатында соңғы технологияға негізделген базалық станцияларды орнатуға басымдық берілуде.
Елдімекендерге «Кcell» АҚ-ымен бірлесе 5G технологиясымен 60 базалық станциясы орнатылды. Қазір Көкбұлақ 96/1 аумағында 5G базалық станциясының монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар келесі аптада аяқталып, базалық станция іске қосылады.
Алматы тас жолындағы «Сайман» сауда үйінің шатырында орналасқан станцияның жұмысы толығымен аяқталды. Аумақта тұрғындар 5G технологиясының артықшылықтарын арнайы смартфондар арқылы тегін қолдана алады. Қалалық цифрландыру басқармасының қызметкерлері осы бағыттағы жұмыстардың барысын жіті тексеріп, жыл соңына дейін қойылған жоспардың орындалуын жіті қадағалайды.
5G деген не? 5G бесінші буын байланысына жатады. Бұл жай ғана өте жылдам интернет емес, ол қызмет көрсетудің және жалпы өмірдің мүлде басқа сапасы. Бұл жылдамдық бизнес үшін көптеген мүмкіндік ашады, Атап айтқанда, 4G желілерінде болмаған жаңа қызметтерді іске қосуға болады. Ақпаратты тиімді жеткізу адам дамуының барлық кезеңінде өте маңызды. Әсіресе телекоммуникация маңызды, өйткені ол ақпаратты жылдам таратуға мүмкіндік береді,-дейді мамандар.
5G дамытудың оңтайлы жолдарын түсіну және Қазақстанда жаңа буынның желілік инфрақұрылымын құру үшін министрлік халықаралық тәжірибені — Солтүстік Америка, Еуропа елдерінің, сондай-ақ Жапония, Оңтүстік Корея және Австралия саясаты мен стратегияларын талдап, жүзеге асыруда.Айта кетейік, «Kcell» АҚ тарапынан жыл соңына дейін қала орталығына 5G технологиясымен 100-ге жуық базалық станцияны орнатуды жоспарлап отыр екен.