Шымкент шағын футбол және баскетболдан аула клубтары арасында турнир мәресіне жетті. Қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасының ұйымдастыруымен өткен жарысқа шаһардың әрбір ауданынан 500-ден аса жас спортшы қатысты.
«Ақ арыс» спорт кешенінде өткен марапаттау рәсімінде ішкі саясат және жастар істері басқармасының бөлім басшысы Қадырхан Арысбеков сөз сөйлеп, турнирдің жүлдегерлері мен жеңімпаздарын құттықтады және бұқаралық спортты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен жарыста баскетболдан жүлделі 3-ші орынды — «Нұртас» командасы,
2-ші орынды — «Қабанбай батыр» командасы иеленді. Ал, баскетбол бойынша турнирдің чемпионы атағын «Тұрлан» командасы иеленді.
Футбол бәсекесінде «Қабанбай батыр» командасы үздік үштіктен көрінсе, күміс жүлде «Тұрлан» командасына бұйырды. Футбол бойынша турнирдің чемпионы атағын «Бүркіт» командасы жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Әрбір күн өзгеріске толы. Қазіргі жауапты кезеңде заман көшінен қалып қоймай, уақыт талабына сай болу, ертеңгі болашағымыз – жас ұрпақты саналы, білімді азамат етіп тәрбиелеу, ұстаздарға зор міндет пен жауапкершілік жүктейді.
Білімді үйрену және оны оқушыларға үйрету – ұстаздықты мұрат еткен әрбір адамның ең қасиетті борышы, абзал парызы. Ұстаз еңбегі – шығармашылық еңбек. Сондықтан да аула клубындағы ұстаздар әр сабаққа жауапкершілікпен қарайды. Үнемі ізденіп, балаларды өнерге баули отырып, білімдерін де шыңдау үшін қызықты сабақтар мен тәрбие сағаттарын өтіп тұрады. Атап айтсақ, «Жас эколог» үйірмесінің жетекшісі Айнаш Ильясова «Айналаны таза ұстайық!» тақырыбында өткен экологиялық акция балалардың қызығушылығын оятып, жылда өткізуді дәстүрге айналдырып отыр.Балалардың демалыс уақыттарында да жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін бірден-бір мекемелердің бірі осындай аула клубтары болып табылады.