Бүгін Жастар ресурстық орталығы ғимаратында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы Президенттік жастар кадр резерві жобасына жастарды шақыру мақсатында мемлекеттік органдар мен оған бағынысты ұйымдардың 35 жасқа дейінгі азаматтары арасында кездесу өтті.
Кездесуге Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сарапшысы, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі, Халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Нахбаева Гулисхан Сайфуллинқызы, Департамент басшысы Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы мен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қалалық филиалының директоры Нысанбаев Әділет Әділбекұлы қатысты.
Өңір жастары Президенттік жастар кадр резервіне үшінші іріктеудің басталғаны, оның ішінде осы жылғы ерекшелігі мен жобаның негізгі талаптары таныстырылды. Сонымен қатар, кездесуде болған жастардың сауалдарына жауап берілді.
Еске сала кетейік, Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау 1 қыркүйекте бастау алған болатын. Құжаттарды қабылдаудың соңғы күні 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуге тиіс. Бірінші кезеңде 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режімде кандидаттардың құжаттарды қабылданады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Осылайша, бағалаушылар үміткердің кім екендігін білмейді.
Екінші кезеңде кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. МҚІА басшысы атап өткендей, тестілеу процесі аудио-бейне таспаға жазылып, прокторинг жүйесімен қадағаланады. Үшінші кезеңде ситуациялық тапсырмалар беріледі. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасы ескеріледі. Аталған кезең онлайн-режімде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.
Төртінші кезеңде ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат өтеді. Ассессмент-орталық Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған. Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор бағалайды. Ал бесінші кезеңде кандидаттар сарапшылық комиссия мүшелерімен әңгімелеседі. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары кіреді. Нәтижесінде, Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады. Алтыншы, соңғы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. ПЖКР талаптарына сәйкес резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.