Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың қысқы маусымға дайындығын пысықтады. Алдымен Қаратау ауданы аумағының тазалығына жауапты «Жасыл жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасына барған Мұрат Дүйсенбекұлы қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына арналған техникаларды арнайы шолып өтті.
Нақты айтсақ, қысқы маусымға қазір әр ауданнан 80-ге жуық техника әзір тұр. Сонымен қатар қала аумағындағы 5 аудан бойынша қар күреудің ситуациялық сызбасы әзірленген.
Нысан басында қала әкімі тиісті басқарма мен мердігер мекемелердің басшыларына көктайғақтың алдын алатын шараларға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Әрі қарай техникалық базаны қосымша техникалармен күшейту, шұғыл қар күрейтін, құм шашатын көліктердің қызметі талапқа сай болу қажеттігін қатаң ескертіп өтті.
Мұнан соң қала әкімі Абай ауданындағы «КазСтройКапитал» ЖШС-інің базасымен де танысты. Әр ауданға қойылатын талап ортақ. Ең бірінші қысқы техникалардың ауа-райының кез келген төтенше жағдайларына сақадай сай тұруы. Сондықтан дайындық жұмыстары әрі қарай да жалғасатын болады.
Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов барлық аудандарда арнаулы қар жинақтау полигондарының жасалуы, жанар май қоры, жүргізушілер мен жол жұмысшылар саны жеткілікті болуы, қар күреу күректерін ретке келтіру жөнінде нұсқау берді.
Сонымен қатар қысқы маусымда шалғай орналасқан елдімекендерде де әлеуметтік нысандарға барар жолдардың қардан дер кезінде тазаланып отыруын, оған қажетті техникаларды жабдықтап, көлік бағыттарының уақытын, ара қашықтығын және тиісті қаражат мөлшерін анықтап өтініш беруді аудан әкімдеріне жүктеді.
Ең басты талап – қар жауған сәттерде қала тұрғындары қажетті жерлеріне кептеліссіз жетуіне жағдай жасау, таңғы қызу қозғалыс басталғанға дейін жолдарды қардан дер кезінде тазарту екендігін нықтап айтты.