Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай «Елдіктің суреткері» жас ақындар мен қылқалам шеберлері арасында аудан әкімінің жүлдесіне арналған байқау өткізілді.
Байқаудың мақсаты — талантты әрі дарынды жастарды қолдау, өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік қасиет қалыптастыру.
Байқаудың ережесіне сәйкес жас ақындар мен қылқалам шеберлері өзара топтасып, патриоттық тақырыпта сурет салумен және жаңа туынды шығарумен сайысқа түсті.
Ерекше форматта өткен байқауда ақындар мен суретшілер белсенділік танытты.
Нәтижесінде жүлделі ІІІ орынды Азамат Мүтәлі, Хасан Ғаниев, Жанерке Сапархан, Ерғалым Арай иеленсе, ІІ орынды Ақжан Тұрғын, Нұрай Ерғалым, Нұрайлым Бекмұратқызы, Нұралы Айзере өзара бөлісті, Ал, Айжанар Жанұзақ «Ауыл» картинасымен, Шұғыла Ермахан «Аңсау» өлең жолдарымен І орын тұғырынан табылды. Байқаудың бас жүлдесі «Отаным» атты жыр жолдарымен көпшілікті тамсандырған дарынды ақын Мадина Хакимжановаға және «Отан» картинасымен көзге түскен жас суретші Дастан Икрамидинге бұйырды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларды аудан әкімі Рақымберді Жанысбекұлы және аудандық «AMANAT» партиясы атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы құттықтап, аудан әкімінің арнайы сыйымен марапаттады.
Еске сала кетейік, барлық қатысушы талантты жастарға аудан әкімінің алғыс хаты мен жүлде қорлары табысталды