Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапарын жүрек орталығына барудан бастады. Бұл Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі халыққа ең жоғары деңгейде кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсететін жетекші клиника.
Орталық Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Дархан Сүйгенбаев депутаттарды орталықтың жұмысымен таныстырды. Орталық 20 жылдан астам қызмет етеді, мұнда заманауи жоғары технологиялық жабдықтар қолданылады: компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу жүйелері, ангиография.
Орталықтың жоғары білікті дәрігерлері жүрек трансплантациясын қажет ететін науқастардың өмірін сақтап қалу үшін бірегей операциялар жасайды.
Мәселен, бүгін өңірде алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды. Бұл Орталық үшін тарихи және өте маңызды оқиға, ол біздің отандық клиникалар ең ерекше және күрделі міндеттерді шеше алатынын көрсетеді.
Сенаторлармен кездесу барысында Орталық қызметкерлері отандық медицинаның әлеуеті бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безін трансплантациялауға мүмкіндік бар екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, дәрігерлер Қазақстандағы донорлардың тапшылығы медициналық трансплантацияларды дамытуға, адамдардың өмірін сақтап қалуға кедергі болып табылатынына назар аударды. Бұл мәселені сындарлы және заңнамалық тұрғыдан шешу қажет. Еуропа елдерінде трансплантацияның шамамен 90% — ы мәйіт донорынан алынады. Ал біздің елде донорлық бойынша статистика келесідей: донорлардың 95% — пациенттің туыстары, ал тек 5%-мәйіт донорлары.
Кездесуді қорытындылай келе, Нұрлан Бекназаров «ҚР Парламенті Сенаты денсаулық сақтау саласын дамытуға көп көңіл бөледі. Жыл сайын республикалық бюджетті қарастыру кезінде біз денсаулық сақтауға бөлінетін қаражаттың ұлғаюын байқаймыз. Біздің мемлекет медицина қызметкерлерін қорғау мен қолдауды күшейту бойынша шаралар жүргізуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша шаралар қабылданып келеді», — деді.