Биыл Шымкент қаласында 300 шақырымнан астам жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жалпы ұзындығы 236,3 шақырымды құрайтын 297 көше орташа жөндеуден өтеді. Орташа жөндеуден өтетіндердің арасында 24 магистралды көше болса, қалғандары ішкі орамдық көшелер.
Ал, қайта құру және құрылыс жұмыстарына тоқталар болсақ, елеулі нысандардың бірі – А-2 айналма жолы. Оның жалпы ұзындығы 31 шақырымды құрайды және қайта құру жұмыстары 8 кезең бойынша жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Бадам өзенінің үстінен өтетін көпір мен құрылыстың 1-ші және 3-ші кезеңдері аяқталған. Биыл 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
Оған қоса, Оңтүстік, Шығыс айналма жолдарының, Қонаев даңғылы мен Өтегенов көшесі жалғасының құрылысы мен Адырбеков көшесін қайта құру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Ал, Бәйдібек би мен Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Мамырдың 15-і күні жолайрықтың Арғынбеков көшесіндегі бөлігі пайдалануға берілген болатын.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін Шымкент қаласындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2 пайызға жетіп, шаһарда көлік кептелісі азаяды деген болжам бар.